ҚР Ұлттық кітапханасында 2010 жылдың 20 мамыр күні «Мәдени мұра» – «Культурное наследие» журналы бойынша оқырмандар конференциясы өтті. «Мәдени мұра» – «Культурное наследие» журналының құрылтайшысы – ҚР Мәдениет министрлігі мен Президенттік мәдениет орталығы.
Білім және ғылым министрлігінің 2006 жылғы қараша айында ғылыми зерттеулер нәтижелерін жариялайтын басылымдар тізбесіне енген. Журнал ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2002 жылы 25 сәуірде тіркелген.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Бас директоры O.И. Исахов кіріспе сөз сөйлеп ашты. Ол өз сөзінде кітапхананың ғылыми қызметкерлерінің Мемлекеттік ‘’Мәдени бағдарламаны’’ іске асыруға және кеңінен насихаттауға қатысу арқылы оқырмандардың саны едәуір көбейе түскенін атап өтті.
Конференция «Мәдени мұра» – «Культурное наследие» журналының бас редакторы, белгілі қазақ жазушысы Дүкенбай Досжановтың қатысуымен өтті. Сонымен қатар конференцияға М. О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры С. А. Қасқабасов, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры С. Ф. Мажитов, академик А. Құсайынов және басқалар қатысты.
Конференцияда ‘’Көркем сөз шебері’’ деген атпен көрме ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан Д.Досжановтың шығармалары кеңінен көрсетілді. |