30 қаңтар күні Астана қаласында VII қысқы Азиада ойындарының ашылу салтанатына байланысты ҚР Ұлттық кітапханасында «Азиада алауы қазақ топырағында» атты безендірілген кітап көрмесі ашылады.
Көрме «Тәуелсіз Қазақстан спортшылары» бөлімімен ашылады. Мұнда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кезек күттірмес шаралар туралы» Жарлығы, Қазақстан Республикасында 1996-2000 және 2001-2005 жылдар аралығында дене тәрбиесі мен спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, «Дене тәрбиесі және спорт туралы заң», «Спорт туралы» заң, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Атлантадағы Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшыларға ақжолтай тілегі бар.
Көрмеге Азиада тарихы және Қазақстанның атақты спортшылары жайлы, сондай-ақ республикада олимпиада қозғалысының қалыптасу және даму тарихы, Астана мен Алматы қалаларындағы спорт құрылыстары жайлы материалдар қойылған.
Бұдан кейінгі бөлімдер қазақша күрес, қыз қуу, ат шабыс, бәйге, тоғыз құмалақ, т.б. ұлттық спорт ойындарынан бастап Қазақстан спортының тарихын кезеңдерге бөліп көрсетеді.
«Аты аңызға айналған балуандар» – әйгілі балуандарымыз Балуан Шолақ пен Қажымұқанға арналған кітаптар. Бұл – жазушылардың, ғалымдардың, спортшылардың, жаттықтырушылардың, достары С. Мұқанов, С. Бегалин, Н. Анов, Д. Әбілов, М. Тәнекеевтердің қазақ спортының негізін қалаған спортшылары жайлы естеліктері.
«Қазақ спортының саңлақтары» бөлімінде КСРО құрама командасы құрамында, ал 1996 жылдан Қазақстан Республикасының құрама командасында өнер көрсеткен Қазақстанның белді спортшылары туралы, сондай-ақ даңқты атлеттеріміз жайлы көркем очерктер және ҚР құрама командасының Афины қаласында өткен ХХVІІІ жазғы Олимпиада ойындарына ҚР құрама командасының қатысқаны туралы қысқаша мәліметтер қойылған, мұнда Әлем Кубогінің екі дүркін жеңімпазы, Москвадағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев, Еуропа жеңімпазы Серік Нұрқазов, екідүркін жеңімпаз болған Асылбек Келімов т.б. туралы кітаптар бар. |