2011 жылдың 5 қараша айында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың 90 жылдық мерейтойына арналған «Жақұт сөзбен өрілген жауһар жыр» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ақынның «Ән» атты тұңғыш жыр жинағы 1959 жылы жарық көрді. «Әннен әнге» (1962), «Танисыз ба бұларды» (1963), «Шырқау» (1966), «Көгершін көңіл» (1962), «Кілт» (1972), «Мерей» (1981), «Наз көңіл» (1984), «Ақшам» (1987), «Сыр бөлісемін» (1992), т.б. өлеңдер мен поэмалар жинақтары, екі томдық «Таңдамалы шығармалары» (1992), «Ақын сыры» (1965), «Қасым Аманжоловтың поэтикасы» (1976) аталатын монографиялық еңбектердің авторы. Шығармалары орыс, өзбек, түрікмен, тәжік, қырғыз, армян, украин, эстон, татар, ағылшын, француз, корей, неміс, испан, поляк, иран, қытай тілдеріне аударылған. Б.Юнганың «Даңқы өшпес кеме» повесін, М.Стельмахтың «Адам қаны - су емес» романын қазақ тіліне аударды.
Тұрсынхан Әбдірахманова (1921-2003) - Қазақстанның халық жазушысы (1984), филология ғылымдарының докторы (1981), Қазақстан Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты (1985). Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1959). 1963-1966 ж. Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасында аға редактор, 1969-1986 ж. Қазақстан Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызметтер атқарған.
ҚР-ның «Парасат», КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. |