KZ     RU     ENG
Сенбі, 21 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14888116
2019 жылы:  21831
бүгiн:  1
қазiр:  44
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

11.01.2012

   2012 жылы 11 қаңтарда  Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында  Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың  100 жылдық мерейтойына арналған  «Ел ерін ұмытпайды» атты кітап көр­ме­сі ұйымдастырылды.

   Халқымыздың біртуар ұлы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – XX ғасырдың ірі тарихи тұлғаларының бірі. Өмірінің елу жылдай кезеңін тікелей Қазақстан­ның дамуына, оның өндірістік қуатын, әлеуметтік тегеурінін күшейтіп, қоғамдық-экономи­калық инфра­құрылымын нығайтуға арнаған қоғам қайраткері.

   «Ел ерін ұмытпайды» атты кітап көрмесі алты бөлімнен тұрады.

   «Алатаудай асқақ тұлға» бөлімі Д.Қонаевтың өміріне, өскен ортасына, балалық шағына,  кіндік қаны тамған қасиетті қала - Верный  қаласы  (казіргі Алматы) - туған жеріне арналады.

   «Еңбек жолының басталуы» бөлімінде Д.Қонаевтың Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішінде, Кеңес үкіметінің ең ірі өнеркәсібіндегі алғашқы еңбек жолы туралы мәліметтер қамтылған.

   «Академик Қонаев» атты үшінші бөлімде Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі  Д.Қонаевтың таукен ісінің ғалымы ретінде, Ғылым академиясындағы қызметі туралы еңбектері ұсынылған.

   «Халық жадындағы қайраткер» бөлімінде Д.Қонаевтың өз заманының ұлы саясаткері ретінде, түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметінде, билік басында болған кезеңде елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне арналған еңбектері  ашып көрсетілді.

   «Дінмұхамед Қонаев және Алматы» атты бөлімде Д.Қонаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен бастап, оның тікелей басшылығымен Алматы қаласын көркейту мен құрылысын қарқынды жүргізу жұмыстары туралы кеңінен  қамтылған. Үлкен Ал­ма­­ты каналы, Республика сарайы, АМҚК (АХБК)  мәдениет сарайы, Жастардың неке сарайы т.б. еліміздің күрделі де қол жеткен табыстарына қосқан үлесі, Алматының ірі саяси, ғылыми, мәдени, қаржы және өнеркәсіп орталығы  ретінде тез дамуына бағытталған ұлттық саясаттағы басты рөлі көрсетілген.

   «Көзден кеткенмен көңілден кетпес есім» -  ғасырларда дүниеге бір келетін, қазақтың аяулы ұлы, еліміздің мақтанышы Д.Қонаевтың өнегесі мен өсиеті, тәлімі мен кісілік қасиеті жастар үшін үлкен тәрбие. Ел-жұртының ілтипатына бөленіп, аты аңызға айналған айтулы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың жарқын бейнесі әрқашанда елінің жүрегінде сақталары хақ.

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование