2012 жылы 20 қыркүйек сағ.11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясы аясында «Ілияс Омаров» және «Ана тілі» баспасынан «Мерейтойлық әдебиет» сериясы аясында шыққан «Өмір мен өнер» атты кітаптардың, сонымен қатар «Қазығұрт» баспасынан «Тәуелсіздік толғауы» сериясы аясында жарық көрген Қазақстанның танымал журналист-публицистерінің жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті.
Ұйымдастырушылар: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағаттар комитеті, ҚР Ұлттық кітапханасы, «Қазақстан», «Ана тілі», «Қазығұрт» баспалары.
Тұсаукесерді белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты, «Қазығұрт» баспасының директоры Көпбаев Темірғали Мұратбекұлы жүргізді.
Тұсаукесерде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағаттар комитеті төрағасының орынбасары Борашев Қуат, Ілияс Омаровтың баласы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Тимур Омаров, «Қазақстан» баспасының директоры Нұрмахан Оразбек, «Ана тілі» баспасының директоры Дәуренбеков Жақау, белгілі ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Қуанышбай Құрманғали, қоғам қайраткерлері, белгілі ақын-жазушылар, баспагерлер, мерзімді басылымдардың Бас редакторлары, әдебиеттанушылар жаңа кітаптар туралы және «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында шыққан әдебиеттерге өз пікірлерін білдіріп, сағынышты естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік толғауы» сериясымен жарық көрген кітаптардың авторлары мен кейіпкерлері өз ойларын ортаға салып, тілектерін білдірді.
Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Борашев Қ.«Қазақстан» баспасының директоры Нұрмахан Оразбек және «Ана тілі» баспасының директоры Дәуренбеков Жақау Дәуренбекұлын ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының 75 жыл толуына арналған мерейтойлық медалімен марапаттады.
Іс-шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының кітап қорынан «Қазақ руханиятының қайраткері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге көпшілік қауым қызығушылық танытты.
Іс-шараға Алматы қаласының кітапханашылары мен БАҚ өкілдері қатысты.


|