KZ     RU     ENG
Сенбі, 21 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887930
2019 жылы:  21645
бүгiн:  1
қазiр:  43
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

20.12.2012

    «Қазақстан кітаптары» бөлімінде танымал қоғам және мемлекет қайраткері, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Әди Шәріповтің 100 жылдығына орай кітап көрмесі ұйымдастырылды.

    Әди Шәріпов (1912-1993 жж.) Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы Мариновка ауылында дүниеге келген. 1938 жылы Қазақ педагогикалық институтын  (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) бітірген.

    Еңбек жолын Әди Шәріпов 1938 жылы Алматы облысының мектептерінде мұғалім болудан бастаған. Ұлы Отан соғысына қатысып, Белоруссиядағы партизан құрамаларының біріне саяси жетекшілік етті.

    Ә.Шәріпов ұзақ жылдар бойы мемлекеттік жауапты орындарда басшылық еткен. 1944-1963 жж. ҚазКСР оқу министрінің орынбасары, Оқу министрі, 1963-1966 жж. ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және ҚазКСР Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарды.

    1966-1971 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы және КСРО Жазушылар одағының хатшысы, 1971-1979 ж. ҚазКСР ҒА-ның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет еткен.

    Мемлекеттік қызметтермен қатар, Ә.Шәріпов ғылыми жұмыстар мен көркем шығармашылыққа көп көңіл бөлген. «Партизан қызы», «Тон», «Ормандағы от», «Қапастағы жұлдыздар», «Арбасу», «Әке қабірі басында» атты повестері қазақ прозасында өзіндік орын алған және өзге де көрнекті туындылары оқырман жұртшылыққа кеңінен танымал. Тарихи тақырыпта жазған «Сахара қызы» атты романында автор Жетісу өлкесі қазақтарының ХІХ ғасырдағы өмірін нақтылы адамдардың бейнесі арқылы, тарихи деректерге сүйене отырып бейнелейді. Шығармада сол заманның  негізгі қайшылықтары сипатталған.

    Шетелдік іс-сапарлар барысында өзге халықтардың өмірін сырттай бақылай отырып, ол эссе және естеліктер жазған. Бұл туындылар жеке кітаптарда, сонымен қатар, «Канада дидары» («Лики Канады») атты кітабына енген. Бұл очерктерден Әди Шәріповті қарапайым адамдар тағдыры, әсіресе шетелдік қазақтар өмірі ерекше қызықтыратыны байқалады.

    «Орман хикаясы» атты киносценарийі бойынша түсірілген көркем фильм Алматыда өткен Кеңестер Одағының кинофестивалі мен Ташкент қаласында өткен Азия мен Африка елдерінің кинофестивалінде КСРО Қорғаныс министрінің арнаулы жүлдесіне ие болды. Көптеген шығармалары шет ел халықтары тілдеріне аударылған.

    Әдебиеттанушы ғалым ретінде ол күні бүгінге дейін маңызын жоймаған бірнеше еңбектер жазып қалдырды. Қазақ әдебиетінің оқулықтары мен хрестоматиялары, көрнекті қазақ жазушылары мен ақындарының шығармашылығы жайлы монографиялардың авторы: «Ж.Саинның өмірі мен творчествосы» (1964), «Қазіргі дәуір мен қазақ әдебиеті дамуының проблемалары» (1974), «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр және жаңашылдық» (1984), «Сырбай Мәуленовтің творчествосы» (1985) және т.б. 350-ге жуық ғылыми және публицистикалық еңбектер, педагогикалық және әдебиеттану саласындағы зерттеулері бар.

    Әди Шәріпов шығармашылық және қоғамдық қызметте сіңірген еңбектері үшін Ленин, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.  1957 жылы «ҚазКСР-іне еңбек сіңірген мұғалім» құрметті атағы берілді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

    Кітап көрмесінде Ә.Шәріповтің өмірі мен шығармашылығы жайлы мәліметтер және әр жылдарда мерзімді басылымдарда жарық көрген еңбектері, ғылыми мақалалары ұсынылған: «Партизан қызы» (1961, 1965), «Тон», «Ормандағы от» (1968), «Алыс жағалаулар» (1970), «Қапастағы жұлдыздар» (1971), Екі томдық таңдамалы шығармалар (1974), «Қазіргі дәуір мен қазақ әдебиеті дамуының проблемалары» (1974), «Сахара қызы» (1979), «Сырбай Мауленов творчествосы» (1985), «Арбасу» (1988) және т.б.

    Көрмеге келуге шақырамыз!

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование