KZ     RU     ENG
Сенбі, 21 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887865
2019 жылы:  21580
бүгiн:  1
қазiр:  77
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

18.01.2013

    18 қаңтар сағ.11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Көрме залында белгілі мәдениет­танушы-ғалым, дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов­тің 70 жасқа толуына  орай  «Мәдениет серісі»  тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

   Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – белгілі мәдениет­танушы-ғалым, дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемле­кет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының дипломатиялық Төтенше және Өкі­летті Елші дәрежесі бар, филология ғылым­дары­ның кандидаты, «Тарлан» (2003), «Алтын жүрек» (2004), «Алтын асық» (2004), «Алтын адам» (2006) сыйлықтарының иегері, Қазақстанның жазу­шылар және кинематография Одақтарының, ПЕН-Клубының, Журналистика Академиясының толық мүшесі және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық Кеңесінің, «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының қоғамдық кеңесінің, Қазақстан Республикасының  ЮНЕ­СКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі.

   М.М.Әуезов Жамбыл облысы, Мерке кентінде 1943 жылы дүние келді. 1959-1965 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша оқып бітірді. КСРО Ғылым Академиясының Әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады. 1975 жылы Философия және құқық институтындағы эстетика тобына жетекшілік етіп,  «Эстетика кочевья» атты ұжымдық монографиясын әзірлеуге басшылық етті. 1981-1987 жылы «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып қызмет атқарды. 1988-1990 жылы Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі Алқасын басқарып, 1990 жылы М.М.Әуезов Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің Халық депутаты болып сайланып, Ұлттық саясат, мәдениет және тіл дамыту комитетінің мүшесі, Сыртқы қатынастар және парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы болды. 1990-шы жылдардың соңында Қазақстанда­ғы «Мир» телерадиокомпания­сының көркемдік жетекшісі болды. 1992 жылы Қытай Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды (1992-1996). 1998 жылы Алматы облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық келісім департаментін басқарып, 1999 жылғы желтоқсаннан «Сорос-Қазақстан» қорының атқару­шы директоры, қордың Президенті болды.

   2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Бас директоры қызметін атқарды. 2006 жылдан «Мұхтар Әуезов қоры» Қоғамдық қорының Прези­денті.

   М.М.Әуезов «Времен связующая нить», «Иппокрена Хождение к колод­цам времен» атты монографияларының, «Уйти, чтобы вернуться» атты кітабының және 300-ден аса мақалалардың авторы. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша шыққан «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы» атты 10 томдық сериясының редакциялық алқа төрағасы, «Қазақ мәдениеті» энциклопе­­диялық анықтамасының редакция мүшесі болды.

    Дөңгелек үстелді ҚР Ұлттық кітапхананың  Бас директоры Г.Балабекова құттықтау сөзімен ашып, Мұрат Әуезовтің  ҚР Ұлттық кітапханасында қызмет атқарған кезеңі туралы фотосурет альбомын сыйға тартты. Іс-шараны белгілі ақын, хореограф-либреттист, сценарист Дүйсенбек Нақыпов жүргі­з­ді.

   Дөңгелек үстелде зиялы қауым өкілдері С.Жансүгіров, Қ.Бегалин, С.Нарымбетов, Е.Аманшаев, Т.Теменов, С.Азимов, А.Ким, С.Елубай, С.Кұттықадам, А.Жақсылықов, Ә.Қодар, Г.Әбикенова, Д.Қонаев, Е.Ұлықбек, С.Абдулло, Ж.Мұстафина, У.Қалижан, А.Арцишевский, Э.Жылқыбаев, Ү.Тәжікенова, Ғ.Телебаев, Р.Бапов, Д.Амантай, Қ.Жорабаев, С.Ананьева және т.б. сөз сөйлеп, М.Әуезовтің мәдениет саласына, оның ішінде: қазақ киносының, кітапхана ісінің және әдебиеттанудың дамуына қосқан үлесі туралы сөз қозғады. Көпшілік қауым 70 жылдық мерейтойына орай ыстық лебіздерін білдірді.

   Шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан тұлғаның өмірі мен қызметіне арналған «Мәдениет серісі»  атты безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Мұрат Әуезовтің әр жылдары жарық көрген еңбектері, мақалалары, ол туралы басылымдар ұсынылған.

   Қатысушылар: белгілі зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, Алматы облысы Іле ауданынның, Алматы қаласының,  кітапханашылары,  оқырмандар, БАҚ өкілдері.

            

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование