KZ     RU     ENG
Сенбі, 21 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887851
2019 жылы:  21566
бүгiн:  1
қазiр:  66
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

30.01.2013

    30 қаңтар сағ.11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Көрме залында Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың   2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, қазақ ертегілерінің желісі бойынша түсірілген мультфильмдер жинағының тұсаукесері өтті.

     Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тапсырыспен, жаңа технологияларға сай шығарылған  мультфильмдер жинағын көпшілікке таныстыру, қазақ тілін үйретуге арналған көмекші-әдістемелік құрал ретінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін қамтамасыз ету.

     Қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 40 сериялы мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасы бойынша шығарылған. Бұл жоба бүлдіршіндерге халық ауыз әдебиетінің асыл үлгісі – ертегі арқылы  тіл үйретудің жеңіл әрі ойнақы тәсіліне негізделген. Балалардың  жан дүниесіне жақын, жас ерекшелігіне сай анимациялық, мультипликациялық көріністер олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, есте сақтау қабілетін дамытады. Балалар  есту, көру, қайталау арқылы сөздерді дұрыс айтуға жаттығады. Заманауи технологияның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, 3D-форматта түсірілген мультфильмдер балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын дамытуға, танымын, қабілетін арттыруға зор септігін тигізеді. Сонымен бірге жинаққа «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты 85 сериялы мультфильм, әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша суретті аудио-сөздік енгізілген.

    Анимациялық мультфильмдер жинағын жарыққа шығарудағы мақсат – мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тіліндегі қарым-қатынастық ортаны қалыптастыру, коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі қазақ тілінің қолданылуы аясын кеңейту. Жаңа инновациялық технологияларды тиімді пайдалану арқылы өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін үйрету сапасын арттыру, тіл үйрену дағдыларын дамыту.

    Сонымен қатар, басқарма тапсырысымен «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешені жарыққа шықты. Бұл – республикамызда тұңғыш рет қолданысқа енгізілген, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық тіл үйрету құралы. «Сиқырлы қалам» арқылы балаларға бір мезгілде оқуға, тыңдауға мүмкіндік беріледі.  Қазақ және ағылшын тілдерін үйретуге арналған, оқыту үрдісінде қолдануға оңтайлы кешен Алматыдағы барлық мемлекеттік балабақшаларға таратылды. Инновациялық кешен кез келген теледидарға немесе компьютерге қосылады, сол арқылы танымдық, қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсер береді.

    Тұсаукесерді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің проректоры Майраш Тайкенова жүргіз­ді.

   Тұсаукесерде  Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетов, жазушы, «Жас өркен» ЖШС-нің Бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Бекжан Тұрыс, жобаның авторы, продюсер Игорь Краус, жобаның көркемдік жетекшісі Артур Краус, «Өрлеу» Республикалық біліктілігін арттыру институтының доценті Зәуре Еденбаева қазіргі қазақ мультфильмі саласындағы өзгерістер мен даму жолдары туралы сөз қозғады. Сөз сөйлегендер  мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тіліндегі қарым-қатынастық ортаны қалыптастыру, коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі қазақ тілінің қолданылуы аясын кеңейту туралы өз пікірлерін білдіріп, олардың маңыздылығын атап өтті.

   Іс-шара соңында анимациялық мультфильмдер жинағын  Алматы қаласының балалар кітапханасына және  балабақшаларына  сыйға тарты.

   Қатысушылар: аудандық білім бөлімдерінің және мемлекеттік балабақшалардың басшылары,  әдіскерлері мен қазақ тілі оқытушылары, «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» басылымдарының және «Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері.

      

     

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование