KZ     RU     ENG
Сенбі, 21 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887696
2019 жылы:  21411
бүгiн:  1
қазiр:  50
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

20.02.2013

    «Қазақстан кітаптары» бөлімінде танымал қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Жабайхан Әбділдиннің 80 жылдығына орай кітап көрмесі ұйымдастырылды.

    Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин 1933 жылы Павлодар облысының Май ауданына қарасты Майтүбек ауылында дүниеге келді. 1954 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітірген.

     1958 жылы Жабайхан Мүбәрәкұлы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсіп, профессор Е.П.Ситковскийдің жетекшілік етуімен «Нақты ұғымның гносеологиялық рөлі» деген тақырыпта диссертация жұмысын қорғады. 1968 жылы КСРО Ғылым Академиясының Философия институтында философия ғылымдарының докторы дәрежесін алды.

    Ж.М. Әбділдин еңбек жолын 1958 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясының Философия және құқық институтында бастап, осында ол кіші ғылыми қызметкерден  институт директорына дейінгі қызмет сатыларынан өтті.

    1984-1986 ж. – Қазақстан ҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы, 1986-1995 ж. – ҒА-ның вице-президенті, «ҚР ҒА Хабаршысы» журналының редколлегия мүшесі болды.  1994 жылы – Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, 1995 жылдан ҚР Парламентінің сенаторы, Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы, 1998-2007 ж. – ҚР Президенті жанындағы Адам құқы жөніндегі комиссияның төрағасы. 2007 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Евразиялық Ұлттық  университетінің профессоры.

    Ғалымның зерттеулерінде логика мен тарихтың, тарих пен бүгінгі күннің, теория мен практиканың іштей тұтасып келуі оның шығармашылық қолтаңбасының ерекшелігін айқындайды. Диалектика және диалектикалық логика теориясы жөніндегі қазақстандық философтар мектебінің негізін салушы, 300-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде 25 монографияның авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен 15 ғылым докторы, 30-дан астам ғылым кандидаттары даярланды.

    Көрнекті ғалым-философ ретінде Ж.М.Әбділдиннің есімі Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен мәлім. Ол баяндамашы есебінде Бүкілдүниежүзілік философиялық конгрестің  жұмыстарына қатысқан, сондай-ақ философияның әртүрлі мәселелері бойынша өткен халықаралық ғылыми конференцияларда, көрнекті ойшылдардың: әл-Фараби, (Алма-Ата, 1972), Давид Анахта (Ереван, 1980), Ибн Сина (Душанбе-Бұқара, 1980), Ш.У.Уәлиханов (Москва-Алма-Ата, 1985), М.О.Әуезов (Алма-Ата, 1988), Ахмет Яссауи (Түркістан, 1990), Әлішер Навои (Ташкент, 1991) шығармаларына арналған  ғылыми баяндамалар мен хабарламалар жасады.

    Академик Ж.Әбділдин қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлер – Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовты және тағы басқа ғылым және мәдениет өкілдерін ақтау ісіне, олардың шығармашылық мұрасын зерттеу, 30-40-жылдар мен 50-ші жылдарда тарих, әдебиет және өнер мәселелері бойынша қабылданған құжаттарды зерттеу жөніндегі комиссияларды басқара отырып, ақтаңдақтарды ашуға лайықты үлес қосты.

    Ж.Әбділдиннің ғылыми және қоғамдық-саяси қызметі мемлекеттік наградалармен бағаланған: ҚазКСР-нің білім және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Президенттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.  ІІ дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендері мен медальдардың және басқа да халықаралық сыйлықтардың иегері. 

     Кітап көрмесінде Ж.М. Әбділдиннің өмірі мен қызметі жайлы мәліметтер және әр жылдары мерзімді басылымдарда жарық көрген еңбектері, ғылыми мақалалары:  «Проблемы логики и диалектики познания» (1963), «Диалектико-логические принципы построения теории»  (1973), «Диалектика Канта» (1974), «Ойлау дегеніміз не?» (1976), «Диалектика активности субъекта в научном познании» (1977), «Ленинский принцип конкретного анализа общественных явлений» (1977), «Свобода как творчество» (1983), Собрание сочинений в пяти (2001) и в десяти томах (2012),  «Ой әлемінен сөз» (2002), «Время и культура» (2003), «Логика конкретного понятия» (2005), «История философии» (2010), «Философия и логика Гегеля» (2011) және т.б. ұсынылған.

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование