KZ     RU     ENG
Сенбі, 21 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887676
2019 жылы:  21391
бүгiн:  1
қазiр:  30
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

15.05.2013

   2013 жылы 15  мамыр, сағат 11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер залында қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі, саяси қайраткер Жәкула Күшіковтің (1863-1933 ж.) туғанына 150 жыл толуына орай дайындалған екі ғылыми жинақтың тұсаукесері өтті.

   «Жәкула болыс» атты бірінші кітапта Ж.Күшіковтің Дала генерал-губернаторлығының орталығы Омбы қаласында еуропалық деңгейде медициналық білім алуы (1881-1885 ж.), Жетісу жеріндегі дәрігерлік (1885-1909 ж.), Семей өңіріндегі болыстық қызметі (1909-1920 ж.), саяси тұлға ретінде ұлт-азаттық күреске араласып, ұлттық партия құруға шақырған ұраны үшін (1913 ж.) Ресей империясы тарапынан, «Алашқа ниеттес» болғаны үшін большевиктер тарапынан кәмпескеге ұшырап, қуғын-сүргін көргені тарихи деректермен айғақталған. Бұған қоса, 1917 жылы Варшава университетін бітірген інісі Әбілмәжін Күшіковтің «Қапланбек Алашордасы» ұйымын құрғаны үшін 1937-де атылғаны, ұлдары Мағауия және Әнуар Жәкулиннің Қытайдағы «Үш аймақ» ұлттық құрылымындағы екі аймақтың уәлиі болғаны үшін репрессияға ұшырағаны мұрағат материалдары негізінде жазылған.
   «Жәкула және оның заманы мен замандастары» атты екінші кітапта Омбы фельдшерлік мектебінің оқу пәндері, 1880-90 жылдары Омбыда білім алған алғашқы қазақ дәрігерлері Ж.Күшіков, Б.Шалымбеков (М.Тынышпаевтың жары Гүлбаһрамның әкесі), Б.Досымбеков (М.Дулатовтың жары Ғайнижамалдың әкесі), Д.Қалматаевтың  (генерал М.Қалматаевтың әкесі) өмірі, жүргізген емдері, алғашқы ота жасаулары  туралы  Омбы мұрағатынан табылған тың деректермен берілген.
   Бұл қос кітап ұлт-азаттық күреске ерте араласқанымен, ғасырға жуық уақыт ұмыт қалған Жәкула Күшіков әулетінің (ұрпақтары Қытай жерінен енді ғана оралуына байланысты) ғана емес, патшалық және сталиндік қуғын-сүргінді бастан өткерген әрбір қазақ шаңырағының тағдырын көрсетерлік басылымдар.

   Тұсаукесерді танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Ахметбекұлы жүргізді.

   Тұсаукесерде Қабдеш Жұмаділов, Мәмбет Қойгелдиев, Армиябек Сағындық, Болат Мүрсәлім, Өнерхан Өгізбай, Жәкула Күшіковтің немересі Асқар Жакулин және тағы басқа белгілі жазушылар мен тарихшылар сөз сөйледі. Олар қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі, саяси қайраткер Жәкула Күшіковтің медицина саласының дамуына сіңірген еңбегі туралы өз пікірлерін білдіріп, олардың маңыздылығын атап өтті.

   Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасына, Алматы қаласының кітапханаларына және қонақтарға жаңа ғылыми жинақтар сыйға тартылды.

   Қатысушылар: белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, тарихшылар, Алматы қаласының кітапханашылары, БАҚ өкілдері.

                                    

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование