KZ     RU     ENG
Сенбі, 21 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887719
2019 жылы:  21434
бүгiн:  1
қазiр:  54
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

28.05.2013

   2013 жылы 28 мамыр, сағ. 15.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер залында  Ұлттық кітапхананың қорынан және князь Азат Әкімбектің жеке коллекциясынан «XII-XIX ғасырлардағы Орталық Азиядағы қолжазба кітаптар» тақырыбында қолжазбалар көрмесі өтті. Көрме Астананың 15 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты – ҚР Ұлттық кітапханасы және князь Азат Әкімбектің жеке коллекциясы үлгісінде мемлекеттік кітапханалардың қорларында, сонымен бірге жеке коллекцияларда сақталып отырған шығыс қолжазбаларының асыл қазынасын жұртшылыққа кеңінен таныту.
   Орталық Азияда араб графикасындағы қолжазба кітаптардың қалыптасуы мен дамуы осы аймақтағы халықтардың исламды қабылдауымен және араб әліпбиі (алфавит) мен араб тілінің таралуымен байланысты. Бізге дейін жеткен жазба ескерткіштер үш тілде: араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған. Олардың Орталық Азияның мәдени өмірінде қолданылуында өзіндік ерекшеліктері бар. Орталық Азияның тумалары әл-Фараби, Ибн Сина, Бируни, Махмуд Қашғари сынды т.б. көрнекті ғалымдардың еңбектері араб тілінде жазылған. Шығыста кітапқа тек ұқыптылықпен ғана емес, ең алдымен, ерекше құрметпен қараған. Ол туралы бізге дейін жеткен араб графикасындағы қолжазбалар, солардың ішінде бірнеше ғасырлар бұрын жазылған түпнұсқа раритеттер айқын дәлел.
   Көрмеде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан және князь Азат Әкімбектің жеке коллекциясынан бірегей қолжазбалар алғаш рет ұсынылып отыр. Көрмеде кітапхана қорынан XII-XVIII ғғ. көне қолжазба Құрандар; Х-А.Яссауидің «Хикметтер» (XIX ғ.), «Рисала» (XVIII ғ.), оның ата-тегі туралы «Насабнама» (XVII ғ.) қолжазбалары, Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметтері» (XVI ғ.), шығыс ақындары Низами, Навои, Сағди, Хафиз, Жәми, Физули және т.б. ислам діні бойынша және поэтикалық жанрдағы шағатай, араб және парсы тілдеріндегі қолжазбалары орын алған. Сонымен бірге көрнекті қазақ ағартушылары Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және т.б. еңбектері ұсынылған.
   Князь Азат Әкімбектің қолжазбалар жинағы 40 жыл бойы Орталық Азияның кең байтақ аумағынан: Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан жиналған, сонымен бірге Қашғариядан (қазіргі кезде Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) әкелінген 200 кітапты құрайды. Көрмеде ұлы Умма-әл-Китабы - Құраннан бастап Шығыстың ұлы ақындарының шығармалары, ғалымдардың, тарихшылардың, математиктер мен астрономдардың еңбектері берілген.
   Сонымен қатар, көрме экспозициясында Азат Әкімбектің коллекциясынан XVIII-XIX ғ. Орталық Азия халықтарының көне әшекей бұйымдары, ортағасырлық керамика, көркемдеп өрнектелген темір, ағашқа ойылған оюлар және қазіргі заманғы екі суретшінің: Әлижан Амантаевтың (триптих «Алтын Адамның тууы. Сақтар. Томирис») және Диас Өстеміровтің «Аңырақай шайқасы» туындылары қойылған.
   Салтанатты ашылу рәсімінде: ҚР Ұлттық кітапханасының бас директоры Г.К.Балабекова; Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Ә.Б.Дербісәлі; Алматы қаласы Маслихатының депутаты, «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері, қоғам және саяси қайраткер А.Б.Шардинов; филология ғылымдарының докторы, С.Демирел университетінің профессоры Ислам Жеменей; кардиолог-дәрігер, белгілі корей жазушысы В.С.Егай; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қ.М.Атабаев; танымал коллекционер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, 2-ші дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Князь Азат Әкімбек қолжазба кітаптар жайлы сөз қозғады.

   Азат Әкімбек өзінің жеке коллекциясынан Ұлттық кітапхананың қорына қолжазба кітаптарын сыйға тартты.

Көрменің тарихи-мәдени және танымдық маңызы өте зор. Көрме ғалымдар мен зерттеушілерге бұрынырақ ғалымдардың тек шағын тобына ғана қолжетімді болып келген жазба мұралардың өте құнды раритеттерімен танысуына мүмкіндік берді.

   Көрме 2013 жылдың 5 маусымына дейін жалғасады.

                 

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование