KZ     RU     ENG
Сенбі, 21 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887623
2019 жылы:  21338
бүгiн:  1
қазiр:  54
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

02.09.2013

   «Қазақстан кітаптары» бөлімінде Алматы қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының Депозитарийі аясында Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың 90 жылдығына орай «Адамгершілік пен мейірімділіктің жаршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

   Ғамзатов Расул Ғамзатұлы (1923-2003) 1923 жылы 8 қыркүйекте Дағыстанның Хунзак ауданы, Цада селосында дүниеге келген. 1939 жылы Авар педагогикалық училищесін бітірген. 1941 жылға дейін орта мектептің мұғалімі, театр режиссерінің көмекшісі, газеттерде, радиода журналист қызметтерін атқарған. 1945-1950 ж. – Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. «Новый мир», «Дружба народов» журналдарында, «Литературная газета», «Литературная Россия» газеттерінде редакция алқасының мүшесі болған. 1951 жылдан Өмірінің соңына дейін Дағыстан жазушылар ұйымында жетекшілік еткен.
   Алғашқы өлеңін он бір жасында жазды. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Пламенная любовь и жгучая ненависть» 1943 жылы жарық көрген.
    Расул Ғамзатовтың поэзиясы  жалпы Дағыстан халқының торығу мен үмітінен туындағаны байқалады. Ақынның барлық шығармаларының желісі – халыққа қызмет ету үлгісі, үлкен жауапкершілік мен ерлікке бағытталған. Поэзиясының негізі – халықтық болып саналады. Дегенмен бұл ұстаным сырт белгілермен шектелмейді, ол табиғаттың әдемілігіне де ғашық болып жырлай білген. Әрбір жаңалықты өз халқының көзімен көрді, әрбір құбылысты халық даналығымен сараптай  білді. Оның шығармаларында ақсақалдың байсалды даналығы және тынымсыз жастықтың жалыны, албырттық қатар жырланады.
Ақын поэтикалық шығармаларында туған өлкесінің әдемілігін, достықты, махаббатты, халық даналығын жырлаған. «Горянка» (1958) атты поэмасында Р.Ғамзатов Дағыстанның әлеуметтік өмірін бейнелейді, таулықтардың психологиясын және өзгерістерді, халықтың мызғымас достығын, сонымен қатар, жастардың ескілік дәстүрлерге қарсылығын, махаббат үшін күрес, әйел теңсіздігін жырлайды.
   Ақынның балаларға  арналған «Мой дедушка» (1967) атты өлеңі де бар. Әдеби сын мақалаларды талқылауға қатысқан. Авар тіліне А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, В.В. Маяковскийдің және т.б. авторлардың шығармаларын  аударған. Р.Ғамзатовтың шығармалары әлемнің 78 тіліне аударылған. Көптеген өлеңдері Дағыстан, Кавказ, Ресей композиторларының назарларына іліккен. «Мелодия» баспасы бірнеше рет ақынның сөздеріне жазылған өлеңдерді пластинкаға, дискіге басып шығарған.
   Р.Ғамзатов ДАССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған, ДАССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының  депутаты және мүшесі болған. Көп жылдар бойы Дағыстан, РСФСР және КСРО  жазушылар съезінің делегаты, Азия және Африка елдерінің жазушылар ынтымақтастық бюросының, Ленин және Мемлекеттік Сыйлықтары комитетінің, Кеңестік Әлем қорғау басқарушылық комитетінің мүшесі, Азия және Африка халықтарының ынтымақтастық комитеті төрағасының орынбасары болған.
   Әдебиеттегі үздік жетістіктері үшін Р.Ғамзатов Дағыстан, Ресей және әлемдік деңгейдегі көптеген мемлекеттік сыйлықтар мен атақтарға ие болған:  КСРО Мемлекеттік сыйлығы лауреаты (1951), Дагестан АССР-нің халық ақыны (1959), Социалистік Еңбек Ері (1974), «20 ғасырдың Үздік ақыны» Халықаралық сыйлығының лауреаты (1983), Ленин орденімен (1963, 1973, 1983), Еңбек Қызыл Ту орденімен (1951, 1965, 1970),  «Халықтар достығы» орденімен (1983, 1993)  т.б.

   Кітап көрмесінде Дағыстанның халық ақыны Р.Ғамзатовтың өмірі мен қызметі жайлы шыққан басылымдар мен шығармалары ұсынылған: «Мой Дагестан» (1968), «Письмена» (1973), «Горянка» (1976), «Пять пальцев» (1987), «Белые журавли» (1987), «Песни гор» (1989), «Суд идет» (2003) және т.б.,  қазақ және ағылшын тілдеріне аударылған автордың шығармалары қойылған. 

   Кітап көрмесіне шақырамыз!

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование