«Қазақстан кітаптары» бөлімінде жазушы Қабыш Жәркеновтың туғанына 80 жыл толуына орай «Жас өркен» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қабыш Жәркенов 1933-1997ж.)1933 жылы 15 қыркүйекте Шығыс Түркістанда туған. 1955 жылы педагогикалық училищені бітіріп, Қазақстанға оралады. 1956-1958 ж. Қарағанды қаласында шахтер болып жұмыс істеді. 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін (қазіргі Әл Фараби атындағы ҚазҰҰ) филология факультетін бітірген. 1963-1974ж. Семей, Талдықорған облыстарында мектепте ұстаздық етіп, Қазақ КСР-і Мемлекеттік Кітап палатасында қызмет атқарған.
Қ.Жәркенов әңгімелерінің негізгі арқауы – балалардың өмірі және олардың тәрбиесі. Автор жасөспірімдер өміріндегі қызықты және танымдық оқиғаларды олардың мінездері мен әрекеттерін суреттей отырып баяндайды. Қабыш Жәркенов балаларға арнап «Мінезді аға», «Айналайын», «Ақ серке», «Тауда», «Тентек», «Жылқышы бала», «Туыстар», «Көңілді жаз», «Бесбұлақтың балалары» және т.б. көптеген повестер мен әңгімелер жазған. Жазушының ересектер үшін жазған жалғыз романы «Мұғалімдер» – қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаз мамандығына арналған.
Кітап көрмесінде Қабыш Жәркеновтың өмірі мен қызметі жайлы материалдар және «Тауда» (1976), «Тентек» (1979), «Жылқышы бала» (1982), «Көңілді жаз» (1985), «Бесбұлақтың балалары» (1989), «Мұғалімдер» (1990) және т.б шығармалары ұсынылған. |