KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887507
2019 жылы:  21222
бүгiн:  1
қазiр:  53
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

12.10.2013

   2013 жылы 12 қазан,  сағ. 15.00-де  Көрмелер залында  Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың  оңтүстік астананың зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті. Бұл бас қосу Алматы қаласындағы Шығыс Қазақстан Күндері аясында ұйымдастырылды.

   Шығыс өлкесі – танымал талант иелерінің, туған өлкенің ғана емес, тұтас ел-жұртының мерей мәртебесіне айналған тұғырлы тұлғалардың құтты ордасы. Бұл өлке талайды тамсандырған ғажайып табиғатымен, сан-алуан қазба байлықтарымен ғана емес, талантты ұл-қыздарымен де мақтана алады. Шығыстың шыңын асқақтатқан Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ақын жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Марфуға Айтқожина, Шәрбану Бейсенова, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімхан сияқты тағы басқа ерен-жүйріктеріміз бастаған шығармашылық және қоғам  қайраткерлері кездесудің қонақтары болды.
   Саяси-экономикалық тұрғыдан өз әлеуетін паш еткен Шығыс өлкесі ұлт руханиятын байыту, әдеби-мұраларға қамқорлық жасауда да игілікті істер атқаруда. Соның бір айғағы – Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастаумын іске асқан «Алтай-Ертіс кітапханасы» атты маңызды әдеби жоба. Оның идеясы – Шығыс өңірінен түлеп ұшып, қазақ әдебиеті атты ұлы дарияға бір-бір арна болып қосылған қаламгерлердің таңдаулы шығармаларын жарыққа шығару.
   Қазақстан ақын-жазушыларының сөз маржаны – жібектей төгілген «Алтай-Ертіс кітапханасы» басылымдары жиналған көпшілікті руханият көкжиегіне жетелейді. Бұл құндылықтың алғашқы 20 томы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында оқырман қолына жеткен болатын. 20 том,  20 жазушы есімі – ол тек жерлестердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының мақтанышы. Аталмыш топтамаға қазақ әдебиетінің кемеңгері ұлы Абай мен қазіргі заман жазушылары – Қ.Ысқақов, Қ.Жұмаділов, Н.Айтұлы, С.Қасқабасов, Ш.Бейсенова, К.Юсупов, С.Оразалы, Ә.Асқаров, Т.Жұртбай, т.б. сынды қаламгерлер шығармалары енген.
   Биыл «Алтай-Ертіс кітапханасы» кезекті таңдаулы туындыларымен толығуда. Бұл жолғы топтама қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі Ақтамберді жырау мен Дулат Бабатайұлы шығармаларынан бастау алып, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов, Қасым Қайсенов, Оралхан Бөкей, Төлеужан Ысмайылов, Медеу Сәрсеке, Серік Ғабдуллаұлы, Мерғали Ибраев, Марат Қабанбай, Бауыржан Жақып, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Анатолий Иванов, Георгий Гребенщиков, Павел Васильев, Александр Волков сияқты Шығыс өлкесінен шыққан белгілі авторлардың шығармаларын қамтиды.
   «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып отырған Шығыс Қазақстан облысының жүйелі жобасы – Елбасымыздың игі бастамасының жалғасы. Ел қаламгерлерінің шығармашылық мұрасы, жалпы қазақ жұртының ортақ олжасы, құнды қазынасының бір арнасы – «Алтай-Ертіс кітапханасы» кітап сериясы оқырман көңіліне жол табары сөзсіз.

   Кездесуді белгілі журналист, «Алаш айнасы» республикалық-қоғамдық саяси-ақпараттық газетінің бас редакторы Серік Жанболат жүргізді.

   Кездесуде А.Осман, Ұ.Есдәулет, М.Айтхожина, С.Матай, Қ.Рахымжанов, Т.Тілеуханов, Б.Жақып, М.Рәш, Н.Ақыш, К.Жұмаділ сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныстарын айтып, тілектерін білдірді.

     

   

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование