KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887517
2019 жылы:  21232
бүгiн:  1
қазiр:  52
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

11.10.2013

   2013 жылы 11 қазан, сағ. 11.00-де Көрмелер залында қазақ жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рахметолла Райымқұловтың 100 жылдығына  арналған  еске алу кеші өтті. Кеш аясында «Нар тұлға» атты естеліктер кітабының, үш томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесері ұйымдастырылды.

   Райымқұлов Рахметолла (1913-1978 ж.) 1913 жылы Ташкент облысы Бостандық ауданының Қараманас ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Алматыдағы Коммунистік журналистика факультетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
   Еңбек жолын 1933 жылы Ташкент облысы Шыршық ауданы «Алға» газетінде тілші болып бастады. Оқу бітірісімен Алматы қаласында «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналының жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері, жауапты хатшының орынбасары қызметтерін атқарды.
   1953-1961 жылдары «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі болды. 1971 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары қызметін атқарды.
   Жазушының алғашқы «Уәде» әңгімелер жинағы  1958 жылы жарық көрді. Кейіннен  «Жасыл белес» (1960),  «Түйелі адам» (1962),  «Пернелі пенде» (1966), «Балдақты адам» (1967),  «Бұрылыстар» (1967),  «Қыз айна» (1970), «Бала жігіт» (1977), «Жапандағы жаңғырық» (1981), т.б. әңгімелер мен повестер жинағы басылды. Шығармаларында жазушы балалар мен үлкендер арасындағы қарым-қатынасты, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі жылдардағы бұқара халықтың тауқыметті өмірін бейнелейді.
   Автордың  «Ашынған жандар»,  «Болаттың сынығы» (1974), «Әкесінің арқасында» (1975) атты пьесалары облыстық театрларда қойылған. Р.Райымқұлов тәжік жазушысы С.Айнидың  «Бұқара» трилогиясының екі кітабын және бірқатар украин, латыш жазушыларының еңбектерін қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар, жазушының көптеген туындысы орыс тілінде жарық көрді.

   Кеш модераторы – белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жайлыбай Ғалым. 
   Еске алу кешінде белгілі жазушылар мен ақындар: С.Сматаев, Ш.Сәриев, М.Рәш, Б.Жақып, Д.Амантай, жазушының жары М.Райымқұлова-Шашкина, қызы А.Райымқұлова және т.б. жазушы Р.Райымқұловтың шығармашылығына талдау жасап, естеліктерімен бөлісті.
    Кеште М.Жүнісова, «Аңсар» квартеті өнер көрсетіп, «Тұран» ансамблі А.Райымқұлованың шығармаларын орындады.

   Іс-шара аясында Р.Райымқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қаламгер өнегесі» атты  кітап көрмесі ұйымдастырылды.   Шара барысында ҚР Ұлттық кітапханасына, Алматы қаласының кітапханаларына және қонақтарға жаңа басылым сыйға тартылды.

   Кешке Р.Райымқұловтың жанұясы, танымал ақын-жазушылар, көрнекті қоғам қайраткерлері, әдеби және шығармашылық қауым, жоғары оқу орындарының студенттері, Алматы қаласының кітапханашылары, БАҚ өкілдері қатысты. 

                               

                             

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование