KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887447
2019 жылы:  21162
бүгiн:  1
қазiр:  7
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

30.10.2013

   2013 жылы 30 қазан, сағ.15.00-де Көрмелер залында белгілі әнші,  театр әртісі Әміре Қашаубаевтың 125 жылдығына орай еске алу кеші өтті.

    Кеш Өнер қызметі жанындағы «Інжу-маржан» клубы аясында ұйымдастырылды.

   Қашаубаев Әміре (1888 -1934) – қазақтың атақты әншісі, актері, әрі музыканты. Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабында кедей шаруа отбасында туып өскен. Әміре 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келген. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарда ән салғызады. Көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады. Әміре Қашаубаев 1921-1924 жылдары Семейде қазақ жастары құрған «Ес-аймақ» ағарту ұйымына мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. Атақты Қоянды жәрмеңкесіне барып, ел аралап, ән салып Сәтмағамбет, Ғазиз Айтбаев, Жаяу Мұса, Қали Байжанов, Майра Уәлиқызы, Мәди Бәпиұлы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі дамыта түседі.
   1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде этнографиялық концертте «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан»,  тағы басқа әндерді орындап, екінші орын мен күміс медальді иемденеді.         
   «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды. 1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаевтың әндері дүниежүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс, тағы басқалар тарапынан жоғары баға алған.
   А.В. Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» тағы да басқа әндерін жазып алған. 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж.Шәкәрімов Мәскеу мұрағатынан Ә.Қашаубаевтың дауысы жазылған таспасын тауып, өңдеуден өткізіп, еліне алып келген.
   Ә.Қашаубаев 1926 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданып, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясында Жапал рөлін, кейін «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», «Айман-Шолпан» спектакльдерінде Қоскелді, Қойшы, Жарас, Ақын образдарын сомдаған. Өмірінің соңына дейін театрдың әнші-әртісі болған.

   Кеш аясында Ә.Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ән тәңірі - Әміре» атты көркемделген кітап көрмесі ұйымдастырылды.

    Кешті модераторы белгілі театр сыншысы, ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері, профессор Әшірбек Сығай жүргізді.

   Іс-шара аясында көрнекті музыка зерттеушісі, мәдениет және қоғам қайраткері, профессор Пернебай Момынұлы,  қоғам қайраткері Хасен Қожахмет өз ойларын ортаға салып, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, әнші, сазгер Шаба Әденқұл, дәстүрлі әнші Абзал Қуанышұлы, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері әннен шашу шашты.

            

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование