KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887461
2019 жылы:  21176
бүгiн:  1
қазiр:  20
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

20.11.2013

   2013 жылы 20 қараша, сағ. 15.00-де Көрмелер залында  әйгiлi шежiрешi, жырау, батыр Қожаберген Толыбайұлының 350 жылдығына арналған «Дауылпаз баба – Қожаберген жырау»  атты дөңгелек үстел өтті.

  Қожаберген Толыбайұлы (1663-1763) – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Гүлтөбе ауылында дүниеге келген. Ата тегі - Орта жүз Ашамайлы Керейдің Көшебе руының Таузар әулеті. Үргеніш, Бұқара, Самарқан медреселерінде оқып, араб, парсы   тілдерін меңгерген. Он үш жасынан ақындыққа бет бұрып, он жеті жасында аңыз әңгімелерді өлеңмен жырлаған. Қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, «Ата тек» дастанын жазған. 
  Тәуке хан тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түркімен елі арасында елшілік қызмет атқарған. 1688 жылы Әз Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожабергенді ордабасы етіп сайлаған. Сөйтіп, ол 23 жыл жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ жасағының бас қолбасшысы болды. Ел қорғаған батыр ерліктері Қожаберген жыраудың шәкірті Бұхар жыраудың «Ұстазым» атты толғауында   баяндалады.
   Қожаберген Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» заңдар жинағын әзірлеуге белсене қатысып, сол кездегі қоғамдық, әлеуметтік жағдайды, қазақ елінің ішкі-сыртқы хал-ахуалын жырға қосып, «Жеті жарғы» атты тарихи дастан жазды. «Елім-ай» дастанында 1723 жылғы қазақ елі өміріндегі ауыр кезең, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасын суреттеді. Қожаберген Толыбайұлының қазіргі кезеңге дейін «Баба тіл» дастанының алғашқы бөлімі, «Ата тек» тарихи жырының, «Қуаныш» атты өлеңінің, «Ер Қойлыбай» дастанының үзінділері, «Жастық», «Кәрілік», «Өсиет», «Наурыз батасы», «Насихат өлеңдері» мен «Елім-ай» сияқты аз ғана шығармалары жеткен. Оның аталған шығармалары «Елім-ай» (Петропавл, 2001) деген атпен кітап болып шықты.

   Іс-шараны  Ахмет Байтұрсынов мұражайының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Райхан Имаханбет жүргізді.

   Іс-шарада сөз сөйлегендер: әдебиетші, ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Т.Кәкішев; заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан заңгерлері ассоциациясының вице-президенті С.Сартаев; тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шәкәрім атындағы университетінің (Семей) құрметті профессоры Б.Насенов; медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Жәнібек батыр» қорының президенті М.Темірбаев; филология ғылымдарының кандидаты, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры,  Қожаберген жыраудың 350 жылдық мерейтойына арналған сайысының екінші орын иегері Ә.Қайырбеков.
   Сөз сөйлегендер Қожаберген Толыбайұлының Қазақстанның тарихы мен әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтып өтті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері жыраудың шығармаларынан үзінділер оқыды, Құрманғазы  атындағы Қазақ ұлттық Консерваториясының студенттері музыкалық номерді ұсынды.

   Кеш аясында Қожаберген Толыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Қожаберген жыраудың тарихи тұлғасы» атты  кітап көрмесі ұйымдастырылды.

   Кешке қоғам қайраткерлері, тарихшылар, танымал жазушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, Алматы қаласының кітапханашылары, БАҚ өкілдері қатысты.


       

        

 

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование