KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887489
2019 жылы:  21204
бүгiн:  1
қазiр:  40
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

31.01.2014

   Өнер бөлімінің оқу залында Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрының 80 жылдығына арналған «Бекзат өнердің ордасы»  атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

   Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театры 1934 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің либреттосы бойынша қойылған «Айман-Шолпан» музыкалық спектаклімен ашылып, композитор И.Коцык өңдеген халық әндерімен, күйлері орындалды. Театрдың негізін қалаған және оның алғашқы актерлері – Қазақстанның музыка мәдениетінің айтулы ірі тұлғалары: әнші К.Байсейітова, режиссер Ж.Шанин, әнші әрі режиссер Қ.Жандарбеков, әнші, режиссер, драматург Қ.Байсейітов, биші Ш.Жиенқұлова,  әнші М.Ержанов, суретші А.Ненашев, жазушылар – М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Майлин, композитор Е.Брусиловский.
   Е.Г.Брусиловский – Қазақстанның ұлттық опера өнерінің бастауында тұрған театрдың тұңғыш композиторы болды. Кейін «Қыз Жібек» (1934), «Жалбыр» (1935), «Ер Тарғын» (1936) спектакльдері өмірге келді.  
   1935 жылы орыс труппасының негізі қаланды. Аз уақыт ішінде (1936-1937) орыс және әлемдік опера классикасынан «Кармен», «Евгений Онегин», «Пиковая дама», «Демон», «Фауст», «Аида» ж. б. спектакльдерін көрермендерге ұсынды.
   1938 жылы қойылған П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен театрдың балет труппасының жұмысы басталды. Одан кейін «Конек-Горбунок», «Раймонда», «Бақшасарай бұрқағы» спектакльдерімен қатар қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман-Мамыр» (В.Великанов) қойылды. Театр репертуарындағы «Князь Игорь», «Борис Годунов», «Иван Сусанин», «Русалка», «Дубровский», «Черевички» опералары табыспен өте бастады.
   Опера театрының алғашқы үлкен табысы Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің 1936 жылы Мәскеуде өткен декадасында келді. К.Байсейітова Жібек ролін сомдаған «Қыз Жібек» операсы тамаша өтіп, Кеңес Одағының халық әртісі атағын алған тұңғыш  қазақ әншісі болды.
   Театрдың құрамын толықтыру үшін кәсіби мамандықты игерген мамандар дайындау мақсатында Мәскеу консерваториясы мен Ресей оқу орындарында ашылған арнайы бөлімдерде Б.Досымжанов, Ә.Үмбетбаев, Р. және М. Абдуллиндер, Ш.Бейсекова, К.Кенжетаев, М.Төлебаев сынды ұлттық өнер саңлақтары білім алды.
   Ұлы Отан соғысы қарсаңында театр репертуарында 31 опералық (9 қазақ операсы) және 6 балет спектаклі (2-і қазақ балеті) болды. 1941 жылы театрға Академиялық мәртебесі берілді. Соғыстың ауыр жылдарының қиындығын театр ұжымы халықпен бірдей көтерді. 1941 жылдың 7 қарашасында, жаңадан салынған Алматыдағы ең әдемі ғимарат – опера және балет театры (архитекторлары А.Н.Простаков, Т.Бәсенов) өзінің есігін алғашқы көрермендеріне ашты. Соғыс жылдары театрда «Амангелді», «Алтын астық», «Гвардия, алға», «Запорожец за Дунаем», «Отелло», «Мазепа» ж.б. жаңа қойылымдар қойылды. Алматыға осы уақытта сол кездегі Кеңес Одағының көптеген өнер мен мәдениет қайраткерлері жиналған еді. Сол кездері театрда балет әртісі Г.Уланова жұмыс жасап жүріп, «Жизель» балетін қойды.
   1944 жыл композиторлар А.Жұбанов пен Л.Хамидидің М.Әуезовтің либреттосы бойынша жазылған «Абай» операсының қойылуымен ерекшеленді.  Қазақ  халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты опера және балет театрына Абай есімі берілді. Көптеген спектакльдер, «Біржан-Сара» сияқты шығармалар қазақ музыкасының «алтын қорына» енді. Ол жылдары «Евгений Онегин», «Чио-Чио-Сан» және басқа да опералар қазақ тілінде жүрді. 50 жылдары арнайы музыкалық білімі бар Е.Серкебаев, Р.Жаманова, Б.Төлегенова, Э.Епонешникова, З.Райбаев, С.Көшербаева және т.б. өнердің жаңа жұлдыздарының үлкен тобы келді. Олар біздің елде ғана емес, әлемнің талай елдерінде шеберліктерін көрсетті. Театр репертуары жаңа шығармалармен үздіксіз толықтырылып отырды. Олар: «Дударай», «Төлеген Тоқтаров», «Галка», «Проданная невеста», «Трубадур», «Царская невеста», «Севильский цирюльник», «Риголетто», «Снегурочка», «Руслан және Людмила», «Морозко», «Чародейка», «Демон»,   «Ромео және Джульетта», «Дон Жуан», «Богема», «Сказки Гофмана» ж. б.
   Театрдың шығармашылық құрамы В.Яковенко, Б.Әшімова, М.Мұсабаев, Н.Қаражігітов, Ш.Үмбетәлиев, Р.Байсейітова, З.Қастеева, Ғ.Есімов, Ә.Дінішев, Е.Искаков, Р.Жұбатұрова, Р.Бапов сынды жаңа, жас орындаушылармен толықты. Қ.Қожамияровтың «Назугум», «Садыр палуан», С.Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», «Қамар сұлу», Ғ.Жұбанованың «Еңілік-Кебек», «Құрманғазы», «Ақ құс туралы аңыз», «Хиросима» атты жаңа қойылымдары жүзеге асты.
   Қазіргі уақытта Н.Үсенбаева, Д.Баспақова, М.Мұхамедқызы секілді белгілі әншілер, Л.Әлпиева, С.Ищанова, У.Кенжебеков, Д.Дүтмағамбетова тәрізді халықаралық байқаулардың лауреаттары қазақ операсының табыстарын  көптеген елдер театрларының сахнасында паш етіп келеді.
   1959 жылы Қазақ опера және балет театры Ленин орденімен марапатталды.

   Көрмеде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан театрдың құрылуы мен өркендеуі туралы материалдар, шығармашылық құрамындағы композиторлар, әртістер туралы және театр репертуарындағы опера жазылған күйтабақтар, ноталар, CD-дискілер ұсынылған.

     

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование