KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887294
2019 жылы:  21009
бүгiн:  1
қазiр:  47
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

11.05.2014

   «Қазақстан кітаптары» бөлімінің ғалымдар залында белгілі ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткер Әлкей Марғұланға арналған «Ғасырдың заңғар ғалымы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 Әлкей Хаканұлы Марғұлан (1904-1985) 1904 жылы 11 мамырда Павлодар облысының  Баянауыл ауданында дүниеге келді. 1919 жылы мұғалімдер курсына оқуға түседі. Өзінің еңбек жолын 1920 жылдан туған  ауылында мұғалім болудан бастады. 1921 жылы Семей педагогикалық техникумына оқуға түседі. 1921-1925 ж. техникумда оқып, «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің  редакцияларында  жұмысты  қоса атқарды.
 Осы жылдары  Әлкей Марғұлан М.Әуезов және М.Жұмабаевпен танысады. 1925 жылы Әлкей Марғұлан Мұхтар Әуезовпен  бірге Ленинградқа  барады. Ол Шығыстану институтының түркітану және тарих-филология факультеттерінде қатар оқыды (1925-1929). 1930-1931ж. - Терминология комиссиясының ғылыми хатшысы (Қаз КСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Жаңа әліпби комитеті), 1931-1934 ж. – Ленинград қаласындағы Мемлекеттік материалдық мәдениет академиясының аспиранты, 1931-1935 ж. – Шығыстану институтында  оқытушы, 1931-1935 ж. – Мәскеу қаласындағы КСРО ҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының ғылыми қызметкерi.
   1938 жылы Қазақ КСР Халық комиссариаты  кеңесінің  шақыртуымен Алматы қаласындағы КСРО  ҒА-ның Қазақ филиалына ауысып, 1939-1941 ж. – аға ғылыми қызметкер, 1941-1946 ж. тарих бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1945 ж.  «Қазақ халқының эпостық аңыздары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1946-1953 ж. –  Қазақ КСР ҒА-ның Тарих, археология және этнография институтының бөлім меңгерушісі, 1946-1976 ж. – қола дәуірі өркениетінің ірі ошағы – Бегазы-Дандыбай мәдениетін ашқан Орталық-Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі болды.
   Ә.Марғұлан өзінің ежелгі қалалардың  алғашқы  археологиялық қазба жұмыстарын Сырдария, Талас, Шу өзендерінің бойында жүргізді. Кеңес археологтары мен тарихшылары ежелгі Қазақстан аумағында сирек қоныстар ішінде болған Ұлы Жібек жолын қоспағанда, іс жүзінде қалалардың болмағанын  болжаған. Ә.Марғұлан Қазақстанда қалалардың болғанын ғылыми түрде дәлелдеді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесі оның сөзін растады. Орталық Қазақстандағы археологиялық зерттеулердің нәтижелері «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» (1966), «Қазақстанның археологиялық ескерткіштері» (1978), «Орталық Қазақстанның  Бегазы-Дандыбай мәдениеті» (1979), бес томдық «Қазақ КСР-ның тарихы» (1982) атты іргелі  монографияларында жинақталды. Ә.Марғұлан жан-жақты ғалым ретінде «Шоқан және Манас» (1970), «Ежелгі жыр аңыздар» (1985), үш томдық «Қазақтың қолданбалы өнері» (1987) монографияларын жазды. 
   Археология саласына сіңірген еңбектері үшін Ә.Марғұлан Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерiмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің медальдарымен  және Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақ КСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері (1961), Қазақ КСР   ҒА-ның  Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері (1966),  Қазақ КСР  Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  (1982).      
   Ә.Х.Марғұланның есімі Археология және этнография институтына, Қазақстанның көптеген көшелері  мен мектептеріне берілді. Туған қаласы Павлодарда  ғалымға мүсін  орнатылып, мұражай ашылған. Ә.Марғұланның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімімен әлемдік деңгейде аталып өтті (2004).

   Кітап көрмесінде Әлкей Марғұланның  өмірі мен қызметі жайлы материалдар, оның ғылыми еңбектері мен мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалары ұсынылған.

   Кітап көрмесіне шақырамыз!

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование