KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887017
2019 жылы:  20732
бүгiн:  1
қазiр:  43
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

11.12.2014

   «Қазақстан кітаптары» қызметінің Ғалымдар залында көрнекті ғалым, географ, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Николай Никитич Пальговтың 125 жылдығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 Николай Никитич Пальгов 1889 жылғы 10 желтоқсанда бұрынғы Тамбов губерниясы (Ресей) Туголуковский ауданының Павлодаровка селосында дүниеге келді. Оның еңбек жолы өте ерте басталды. Ол 1907-1910 ж.  балық өнеркәсібінде, тас және темір жолдар құрылысында, Кама және Волга өзендеріндегі кемелерде жұмыс істеді. 1911-1913 ж. Мәскеу құрылыс училищесінің жер өлшеу-гидротехникалық курстарында оқыды.
 1913-1918 ж. Н.Н.Пальгов бес жыл бойы Сырдария (Ташкент қаласы), одан кейін Жетісу (Верный қаласы) облыстарының көші-қон басқармаларында топограф болып жұмыс істеді, 1918-1920 ж. Жетісу Халықтық тау-кен одағында, еңбек өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының, тұрғындар бюджетінің және т.б. статистикасы бойынша бірқатар тексерулер жүргізілген әртүрлі статистикалық ұйымдарда жұмыс істеді. Бірнеше жылдар бойы ол Қазақстан мен Қырғызстанда топографиялық партияның бастығы, геодезист және картограф-редактор болды.  Бұл кезеңдерде ол барынша өзекті мәселелерді баспада жарыққа шығара отырып, Қазақстан мен Орта Азия аумақтарын және ресурстарын зерделеді. 1920 жылы Мәскеудегі өлкетану курсын, техникалық білім беру жөніндегі Бүкілодақтық сырттай оқыту институтының геология-минералогия бөлімін бітіріп, Мәскеу геологиялық барлау институтында оқиды.
   Физикалық географияға ерекше ынтасы бар Н.Н. Пальгов  гляциология пәнін қалап алды. Бұл саладағы ғылыми зерттеулерін 1922 жылы бастаған еді. 1939 жылы КСР Ғылым академиясы География секторының аға ғылыми қызметкері болды. Мұздықтармен қуаттанатын өзендердің гидрологиялық тәртібін және гидрографиясын зерделеумен айналыса жүріп, ол «Талғар мұздықтары мен олардың өзендерді қуаттандырудағы рөлі» тақырыбында кандидаттық диссертация (1942) және «Іле Алатау мұздықтарын зерттеу тәжірибесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
   1945-1962 ж. Н.Н.Пальгов КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының География секторын басқарды. 1954 жылы  жемісті ғылыми  қызметі үшін  оған профессор атағы берілді және Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі болып сайланды.
   Н.Н.Пальгов – Қазақстандағы гляциология ғылымының негізін қалаушы. Қырғызстан мен  Қазақстанның Оңтүстік-Шығысындағы мұздықтарды зерттеп,  Іле-Алатаудың барлық танымал мұздықтарына сипаттама жасады, олардың тәртібі мен серпініне мінездеме беріп,  метеорологиялық факторларға байланысты мұздықтардың абляция және аккумуляция заңдылықтарын белгіледі. 250-ден астам ғылыми мақалалардың, 30 жинақ пен  монографияның авторы. Оның көптеген жұмыстары экономика, география, гидрология, өзентану мәселелеріне арналған.
   Жемісті ғылыми еңбегі үшін Н.Н.Пальгов «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен қажырлы еңбегі үшін» (1945), «Еңбек қажырлығы үшін» (1952), «Тың жерлерді игергені үшін» (1957), «В.И.Ленин туғанына 100 жыл толуын атап өтуге байланысты қажырлы ерлігі үшін» (1970) медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды (1945, 1959, 1961). Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). КСРО Географиялық қоғамының құрметті мүшесі (1962). Гляциологияны дамытудағы үлесі үшін мұздықтарды зерттеушілер Тянь-Шаньдағы екі мұздықты және Полярлық Уралдағы бір мұздықты  оның есімімен атады.
   Кітап көрмесінде Н.Н.Пальговтың өмірі мен қызметі жайындағы материалдар, оның ғылыми еңбектері, монографиялары мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары ұсынылған.

   Кітап көрмесіне шақырамыз!

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование