KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887011
2019 жылы:  20726
бүгiн:  1
қазiр:  42
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

05.02.2015

   2015 жылғы 5 ақпан, сағ. 15.00-де Үлкен залда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты,  «Тарлан - Үміт» сыйлығының иегері,  abai.kz сайтының Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлығының сахибы Дидар Амантайдың «Махамбет философиясы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

   2013 жылы АҚШ-та «Қарқаралы басында» атты  кітабының ағылшын нұсқасы басылып шықты.
  «Махамбет философиясы» атты кітапқа «Тоты құс түсті көбелек» және «Топ шеңгел» романдары, «Ібіліспен сүйісу» повесі, «Көзіңнен айналдым» әңгімесі, сонымен қатар, 40-қа тарта философиялық эсселер енді.
   Тағы айта кететін жайт,  2011-2012 жылдары Париж, Анкара және Ұлан-Батор қалаларында Дидар Амантайдың кезінде Алматыда жарық көрген «Қарқаралы басында» атты проза кітабының француз, түрік және монғол тілдеріне аударылған тәржіме нұсқалары басылып шықты.
   Парижде шыққан кітапқа «Гүлдер мен кітаптар» романы енді, алғысөзін қазақтың даңқты ақыны, заңғар ойшыл Олжас Сүлейменов жазды. Жалпы, бұл кітаптың Парижде жарық көруіне Олжас Сүлейменов зор қамқорлық жасады. Қазақ тілінен французшаға тәржімелеген – Айтқали Бақытов, ал редакторлық жұмысты атқарған – Франция азаматы. Кейін бұл аударма кітап жөнінде мәдениеттанушы Альбер Фишлер сыни мақала жазып, ой-пікірін білдірді.
   Ал, түрікше нұсқасы  «Гүлдер мен кітаптар» романы мен «Төлеутай ақсақалдың немересі» әңгімесінен құрастырылды, аудармашысы — белгілі шоқайтанушы, қаламгер Әбдіуақап Қара.
Қазақтың көрнекті жазушысы, проза шебері әрі кинодраматург Дидар Амантай ел назарына ұсынған бұл кітабына өзектес, сабақтас, тақырыптас шығармаларын енгізіп отыр. Автор кез келген туындысында қаһарман мінез-құлқын қимыл-әрекеті, пәлсапалық ойы және диалогтары арқылы жан-жақты ашып суреттеуге талпынған. Қаламгердің ойынша, әдебиет дегеніміз — сағынышқа құрылған мөлдір әңгімелер. Кітаптың тілі шұрайлы, бояуы қанық, оқиғалары қызықты.  
  Монғолша тәржімесіне «Гүлдер мен кітаптар» романымен қатар бірнеше әңгімелер топтастырылды, тәржімелегендер – Жазгүл Жұмабай мен Нәпіл Базылхан.  
   Жалпы, Дидар Амантайдың  «Қарқаралы басында» атты кітабы – бес томдық шығармалар жинағының алғашқы томы. Екінші томы ― “Махамбет философиясы”  атты кітабы.  Автор алдағы жылдары қалған үш томды шығаруды өзіне мақсат тұтып отыр. 
  Үрімші қаласында орналасқан ҚХР Шынжаң өлкелік баспасы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы, «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі және отыз жеті әңгімесін бір кітапқа топтастырып, баспадан шығаруды жоспарлап та қойды.
   Бүгінгі күні елге белгілі аудармашы Қайша Тәбәрікқызы Дидар шығармаларын қытай тіліне аудара бастады. Бір топ әңгімесі Қытайдың (天涯) («Tian Ya») «Қиян» атты әдеби жорналына шығып та үлгерді.
   2010 жылы оқырман назарына ұсынылған «Қарқаралы басында»  және 2014 жылы жарыққа шыққан «Махамбет философиясы» атты кітаптары қазіргі таңда орыс, неміс, араб, парсы және кәріс тілдеріне тәржімәланып жатқанын айта кеткен жөн.
Проза, кинематограф және көсемсөз жанрын қатар ұстанған Дидар Амантайдың бұл кітаптары, бір тараптан, қаламгердің қазақ әдебиетінің мәртебесін асыру, шетел оқырмандарына таныту жолындағы және, сонымен қатар, қазақ оқырман қауымы алдындағы есебі тәрізді екені рас. Әлем әдебиетіндегі соңырқалап келе жатқан жаңа ағымдар, ізденістер, бағыт-бағдар, жалпы, роман-әңгімелердің тағдыр-талайы, түрлі ұлт прозасындағы қалыптасқан машық, кезеңдік жазу мәнерлері мен сюжеттік желі, тәсіл және атмосфера, т.б тұсаукесерлердің тақырыбы болары сөзсіз.
 
   Іс-шара аясында кітапхана қорынан Д.Амантайдың өмірі және шығармашылығы туралы кітап көрмесі қойылды.
   Іс шараның модераторы – Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ахет Мамай. 

  Тұсаукесерді Ұлттық кітапхананың бас директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы  Әлібек Асқар ашты. Сөз сөйлегендер: Ә.Бөпежанова, Ә.Наурызбаева, Д.Өмірбаев, Е.Төлеутай, Д.Қуат, С.Азимов, Ж.Қорғасбек және т.б. Жаңа басылым кітапхана қорына, журналистерге сыйға тартылды. Автор қатысушыларға қолтаңба қойып кітап сыйлады. 
  Қатысушылар: белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, филологтар, жоғары оқу орындарының студенттері, Ұлттық кітапхананың оқырмандары,  БАҚ өкілдері.

 

 

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование