KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886987
2019 жылы:  20702
бүгiн:  1
қазiр:  26
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

10.02.2015

                  Соңғы жүздесу

   Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы Герольд Бельгердің  80 жылдық мерейтойына алдын ала дайындалған болатын. Содан, 2014 жылдың қазан айының аяғында  іс-шара өткізбек боп жобалап қойғанбыз. Алайда, жазушының дәл сол мезгілде ауруханаға түсіп қалуына байланысты, іс-шара кейінге қалдырылған-ды.
   Сәті түсіп, желтоқсанның ортасына қарай Гер-ағаңды  Ұлттық кітапханаға өзіміз алып келіп,  оқырмандарымен жүздестірдік, естен кетпес әдемі кеш өткіздік. Кешке көптеген әдебиетшілер, ақын-жазушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар жиналды. Олар жазушыға деген жылы лебіздерін білдіріп, кешіміз көңіл шалқытқан шынайы бір басқосуға айналып еді. Жазушының азаматтық позициясы, қазақ халқына деген риясыз көңілі төңірегінде шабытты сөздер сөйленіп, шығармашылығы жайында талдаулар жасалды, енді ғана жарық көрген  «Избранное»  бір томдығының тұсаукесері өткізілді.
   Осы жиынға келе жатып Гер-ағаң: «менің қазіргі атым Герольд Бельгер емес, Герольд ибн Карл әл-Дивани» деп әзілдеген болатын. Онысын  денсаулығына байланысты соңғы кезде тұрғанынан жатқаны көбейіп кеткенін, диванда жатып елмен сөйлесетінін, диванда жатып жазу жазатынын айтып ақталғандай болған. «Сондықтан кездесуді бір сағаттан асырмай, мені үйге қайтарғандарың жөн» деп еді. Біз «мақұл» деп оған да келіскенбіз.
  Сол кездесуде Гер-ағаң ерекше шабыттанып, достарының, қаламгерлер мен оқырмандардың өзіне деген құрметін, ыстық ықыласын көргенде -  әлгі «бір сағат қана» дегенін де ұмытып кетті. Бір сағаттың орнына екі жарым сағаттан астам уақыт бойы халқының махаббатына бөленіп, жиналған көпшілікті қимай, кітапханадан әзер шыққан еді.
   Байқап отырсақ, Герольд Бельгер өзінің 80 жылдық мерейтойын тек Ұлттық кітапханада ғана атап өтуге үлгеріпті. Кейінірек Жазушылар одағында, ел жақта  атап өтуге жазушының денсаулығы мүмкіндік бермеді. 
   Өкініштісі, сұм ажал қазақ әдебиетінде өзіндік із қалдырған абыз  ағамызды арамыздан алып кетті. 
  «Менің дінім – лютерман» деп әзілдейтін еді ол кісі, яғни лютеран мен мұсұлман діндерінің қосындысымын дегені. «Мен қаншалықты неміс болсам, соншалықты қазақпын да» дейтін тағы.
   Бақұл бол, барша қазақтың Гер-ағасы! Жатқан жеріңіз жайлы, нұрыңыз пейіште шалқысын! Сіздің жарқын жүзіңіз әрдайым біздің жүрегімізде.

Әлібек Асқаров
«Егемен Қазақстан», 10 ақпан, 2015 ж.

  

  

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование