KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887161
2019 жылы:  20876
бүгiн:  1
қазiр:  49
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

04.03.2015

   2015 жылғы 4 наурыз, сағат 11.00-де  Көрмелер залында  көрнекті  түрколог-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор  Шора  Шамғалиұлы  Сарыбаевтың «Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» ғылыми еңбегінің  тұсаукесеріне  арналған дөңгелек үстел өтті.

   Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Қайнар академиясы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы.


   Қазақ  халқының  мәдени,  рухани  өмірінде  орны  ерекше  педагог  ғалым  Шора  Сарыбаев қазақ тілі білімі саласында  аянбай  еңбек  етіп  келеді.  Шора Шамғалиұлының шығармашылық шеңбері кең, ауқымды, әр алуан. Ғалымның қаламынан шыққан 300-ден астам ғылыми мақалалар, оның ішінде 20 шақты монография, оқулықтар, сөздіктер жарық көрген. Академик Ш.Сарыбаевтың  еңбектері тек елімізде ғана емес, бұрынғы одақ көлемінде шығып тұрған «Вопросы языкознания», «Советская тюркология», «Народы Азии и Африки», «Советское востоковедение» тәрізді ғылыми-теориялық журналдарда, сондай-ақ қазіргі таңда алыс-жақын шетел баспаларында жарық көріп келеді.
   Елдің  тәуелсіздігінің  бірден-бір кепілі  мемлекеттік тіл  екендігін айтумен ғана  шектелмей,  ғылыми  еңбектерімен  де үлес  қосуда. Баршамызға белгілі  «Қазақ тілінің  диалектологиялық сөздігі» (1969), «Қазақ диалектологиясы» (оқулық,  Ғ.Қалиевпен бірге) (1967, 1979, 1991) және 1950-1970 жылдары  Ш.Сарыбаевтың  басшылығымен  «Қазақ тілі тарихы  мен диалектологиясының  мәселелері»   атпен  шыққан  жинақтар,  үш томдық «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі», т.б.  еңбектер  қазақ тілі  тарихындағы  елеулі,  құнды  зерттеулер  екені мәлім.
   Ғалымның еңбектері қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда, қазақ тілі тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, т.б. көкейкесті мәселелерге арналған. Академик Ш.Сарыбаев  күшін сарп етіп зерттеген екі саланы ерекше бөле-жара атауға болады. Оның бірі – диалектология болса, екіншісі – тіл білімінің тарихы.
   Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі, профессор  Шора Сарыбаев көрнекті диалектолог ғалым, сонымен бірге оның қазақ лексикографиясының теориясы мен тіл білімінің библиографиясына сіңірген еңбегі орасан зор. Ғалымның антологиялық жинағына оның диалектология мен лексикография, лексикология мен терминология және грамматика  саласына қатысты таңдамалы зерттеулері топтастырылып отыр.
   Сондай-ақ,  қазақ ғалымдары  арасында  тұңғыш рет  алтаистика  (алтайтану)  мәселесімен  шұғылданып,  ар  жағы  алтай (түркі, моңғол, тұңғыс, фин,  корей, жапон т.б.) тілдерінің  туыстық  төркінін анықтауға  барынша  мән беріп келеді.  «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық  сөздігі» атты  еңбегі - қазақ  тілінің  жергілікті  ерекшеліктерін  экстралингвистикалық және  тарихи  даму  тұрғысынан,  жалпы алтай  болжамы  негізінде  қарастыруға бағытталған  зерттеу.
   Шора Шамғалиұлы - бүкіл  қазақ  қаламгерлері үшін өте  құнды дүние болып  табылатын  ғылыми библиографияның көшбасшысы,  осы   саланы  күннен-күнге  жаңғыртып,  үзбей дамытып келе  жатқан  зерттеуші. Ғалымның  «Библиографиялық көрсеткіштері» арқылы  барша зиялы  қауым  тіл  білімінің тарихи  дамуымен  танысып,  ХХ ғасыр басындағы  қазақ зиялыларының  еңбектерін толық  білуге  мүмкіншілік  алды.
   Қазақ әдеби тілі мен диалектологиясының теориялық және практикалық мәселелерін заманауи тұрғыдан жан-жақты қарастырған зерттеуші еңбектері  тілші ғалымдарға және көпшілік тіл жанашырларына арналған.
   Іс-шараны Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,  профессор К.А.Құрманәлиев жүргізді.

   Сөз сөйлегендер: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі Ө.А.Айтбаев, Қайнар академиясының президенті, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, профессор Е.С.Омаров, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология  ғылымдарының докторы, профессор М.М.Малбақов және т.б. тілші ғалымдар.
   Осы іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан автордың шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, жаңа басылым кітапхана қорына және Алматы қаласының кітапханаларына сыйға тартылды. 

 Қатысушылар: белгілі ақындар, жазушылар, ғалымдар, кітапхана оқырмандары, БАҚ өкілдері.                                                         

   

  

 

 


« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование