KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14887058
2019 жылы:  20773
бүгiн:  1
қазiр:  47
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

24.04.2015

   2015 жылғы 24 сәуір, сағ. 15.00-де Ұлттық кітапхананың Үлкен залында Өнер бөлімінің «Інжу-маржан» клубы аясында композитор, дирижер, домбырашы, Қазақстанның Халық Қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ұлы Отан соғысына қатысушы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 90 жас толуына орай, өмірі мен шығармашылығына арналған «Нұрғиса Тілендиев»  атты еске алу кеші және ұсыныстық библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесері өтті. Көрсеткіш «Қазақстан өнері» сериясы аясында құрастырылған.

   Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 ж. 1 сәуірде Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылында дүниеге келген. 1949-1950 жж. Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы), 1950-1952 жж. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваториясының дирижерлік факультетінде (профессор Н.П.Аносовтың класы бойынша) оқыды. 1952-1961 жж. Қазақтың Абай атындағы академиялық опера және балет театрының дирижері, 1960-1964 жж. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері қызметін атқарды. 1968-1981 жж. «Қазақфильм» киностудиясы музыкалық редакциясының бас редакторы, 1981-1998 жж. өзі ұйымдастырған «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі болды. 
   Н.Тілендиев «Ортеке» балет-поэмасының (1957) және «Менің Қазақстаным» (1959) кантаталарының, «Достық жолымен» балетінің (1958, Л.Б.Степанов және Е.Манаевпен бірге), «Алтын таулар» операсының (1961, С.Қожамияровпен бірге), оркестрге арналған «Поэма» (1962), «Ата толғауы» (1975), «Алтын дән», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс салтанаты» (1975) атты увертюралардың, 400-ден астам ән мен романстардың авторы.  50-ден астам драмалық спектакльдерге, 19 көркем фильмге («Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым - Қожа», т.б.), 17 мультипликациялық фильмдерге («Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», т.б.), 14 деректі-хроникалық фильмге («Академик Сәтбаев», «Ыбырай Алтынсарин», т.б.) музыка жазды. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры (1995) болған.
   ҚР «Отан» ордені, КСРО-ның екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған. 
  Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған ұсыныстық биобиблиографиялық көрсеткішке 1951 жылдан бастап 2015 жылдың наурыз айына дейінгі кезеңде жарық көрген қазақ және орыс тілдеріндегі әдебиеттер қамтылған. Көрсеткіш мәдениет қызметкерлеріне, студенттерге, өнер сүйер қауымға, халық әртісінің өнер жолымен жақынырақ танысқысы келетін көпшілік оқырман қауымға арналған.

   Еске алу кешінің модераторы - ҚР еңбек сіңірген әртісі, композитор, белгілі әнші Ермек Әбілдаев.
   Сөз сөйлегендер: Ж.Шәкәрім, Е.Мүсіреп, В.Питерцев, С.Күзембаева, Е.Үсенов және т.б. Г.Даукенова, М.Қазтұрғанова, А.Қосанова, М.Түсіпбаева өнерлерін тарту етті. Н.Тілендиевтің белгілі күйлерін Қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі «Отырар сазы» орындады.
   Тұсаукесер аясында Ұлттық кітапхана қорынан Нұрғиса Тілендиевке арналған «Әнді әспеттеп, күйді күмбірлеткен» атты көркемделген  кітап көрмесі  ұйымдастырылды.
  Қатысушылар: өнер қайраткерлері, жазушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, Алматы қаласы кітапханаларының  қызметкерлері, БАҚ өкілдері. 

     

  

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование