KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886731
2019 жылы:  20446
бүгiн:  1
қазiр:  45
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

14.10.2015

   2015 жылғы 14 қазан, сағ. 11.00-де  Көрмелер залында көрнекті театр зерттеушісі, сыншы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Әшірбек Сығайдың «Жансарай» кітабының тұсаукесері және еске алу кеші өтті.

   Әшірбек Сығай (1947-2014) 1947 жылы 11 қаңтарда Кентау қаласында дүниеге келген. 1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, оны 1969 жылы тәмәмдаған соң, ұстаздық қызметке қалдырылған. Оның театр сыншысы ретінде қалыптасуы 1970 жылдардан басталды. Ол 1974-1994 жылдары Мәдениет министрлігі театр бөлімінің, өнер басқармасының бастығы, 1994-2003 ж. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы өнертану факультетінің профессоры, 2003-2011 ж. Мәдениет, туризм және спорт министрлігінің Алматы қаласындағы өкілі, 2011-2014 ж. бері Қазақ ұлттық өнер университеті өнертану кафедрасының профессоры қызметтерін атқарды.
   Оның қаламынан «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары», «Театр тағлымы», «Қазақстан театр өнері», «Толғам», «Талдықорған театры», «Театр поэзиясын пір тұтқан», «Сәбира Майқанова», «Ой төрінде – театр», «Театр сардары», «Ән – тағдыр», «Актер әлемі», «Сахна әлемі», «Райымбек Сейтмет», «Таңғажайып театр», тағы басқа зерттеу еңбектерінен құралған 18 кітап баспадан жарық көрді.
   Жан Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О.Иоселианидің «Арбаның ізімен», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей», В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А.Шайкевичтің «Әлем алақанымызда» және басқа да танымал драматургтердің пьесаларын аударды. Олар республика театрларында қойылды.
   Әшірбек Төребайұлы Сығай 1992-1994 жылдары мемлекеттік наградалар және сыйлықтар жөніндегі комитеттердің мүшесі, 1993 жылы Мемлекетіміздің ұлт саясаты жөніндегі кеңесінің мүшесі болды. 1989 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген кайраткері атағы берілді. Театр зерттеушісі, қоғам қайраткері Ә.Т. Сығай 2000 жылы «Сахна саңлақтары» деген еңбегі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болып, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарды.
   Кентау және Түркістан қалаларының Құрметті азаматы. «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдың иегері.
   Ә.Т. Сығай еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласты. Республикалық, халықаралық және отандық театр фестивальдерінде сарапшылар алқасының төрағасы, мүшесі ретінде азаматтық міндеттер атқарды.
   Сонымен қатар, ол «Хабар» телеарнасында «Жансарай» атты хабардың авторы, әрі жүргізушісі болды.
   Бүгінгі таңда «Жансарай» бағдарламасы кітап болып жарыққа шықты. Автордың бұл кітабында 2013-2014 жылдары теледидарда халыққа кеңінен танымал өнер тарландарымен, сондай-ақ белгілі тұлғалармен жүргізген сұхбат-сырласулары ұсынылған. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

   Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапхананың бас директорының бірінші орынбасары Б.Қ.Оспанова ашып, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан жүргізді.
   Сөз сөйлегендер: А.Әшімов, Ө.Айтбаев, Е.Обаев, Д.Исабеков, М.Ысқақбай, З.Асабаев, Ш.Сариев, М.Айтқожина, Ж.Еркінбек, К.Ормантаев, Ә.Бөпежанова, Т.Мыңжасар, Ж.Әбділда, К.Сығай.
   Іс-шара аясында кітапхана қорынан  Ә.Сығайдың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

  Қатысушылар: отбасы, жолдастары, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының студенттері, БАҚ өкілдері.

  

  

  

 

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование