KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886742
2019 жылы:  20457
бүгiн:  1
қазiр:  46
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

15.10.2015

   2015 жылғы 15 қазан, сағ. 10.00-де Көрмелер залында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің  Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен «МҰСТАФА ШОҚАЙ: САЯСАТКЕР ЖӘНЕ ҒАЛЫМ» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

   Мұстафа Шоқай (1890–1941 жж.) – өз заманының мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының беделді қолбасшыларының бірі, тарихшы-ғалым, публицист. Оның қайраткерлік бар күш-жігері Қазақстан, Кавказ және Орта Азия халықтарының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күреске жұмсалды. М. Шоқай өзінің бірқатар Еуропа қалаларында (Париж, Лондон, Берлин, Варшава, Жене-ва және басқа) жұртшылық алдында сөйлеген сөздерінде, сонымен қатар еуропалық және шығыс тілдерінде (орыс, ағылшын, француз, поляк, шағатай, т.б.) жарияланған еңбектерінде әлемдік қауымдастыққа қазақ халқының қысымшыл жүйеге қарсы тәуелсіздік үшін күресінің заңды да әділетті сипатын жеткізіп отырды.
   Мұстафа Шоқайдың мұрасын халыққа кең тарату жұмыстары өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімін нығайтуда, өскелең ұрпақты тәрбиелеу істерінде өз орнын табуы тиіс.
   2015 жылы мемлекеттік деңгейде Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына арналған халықаралық конференцияны және басқа салтанатты іс-шараларды өткізу отансүйгіштік рухты күшейтуге, халықаралық қауымдастықта Қазақстанның имиджін көтеруге өз ықпалын тигізетіні анық.
   Конференцияның мақсаты – әлемнің түрлі ғылыми орталықтардағы шоқайтану саласындағы жетістіктермен танысу, көрнекті мемлекет қайраткері, ойшыл, көсемсөз шеберінің шығармашылық мұрасын кең ғылыми айналымға енгізу және көпшілікке жеткізу.
   Конференция барысында көтерілген мәселелер:
- Мұстафа Шоқайдың әлеуметтік-экономикалық және саяси көзқарастары;
- Мұстафа Шоқайдың ғылыми мұрасын зерттеу мәселелері;
- Мұстафа Шоқай және оның Қазақстан, Кавказ және Орталық Азия халықтарының тәуелсіз мемлекеттігінің дамуы жолындағы күресі;
- Мұстафа Шоқайдың түркі-мұсылман халықтарының ұлт-азаттық күресінің тактикасы мен стратегиясын негіздеуі;
- Мұстафа Шоқайдың болашақ тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты жөніндегі ұстанымдары;
- Мұстафа Шоқай және Орталық Азия аумағы халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеу;
- Мұстафа Шоқайдың ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Еуропа мен Азия мемлекеттерінің халықаралық қатынастарына көзқарасы және т.б.
   Іс-шараны Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылым-дарының докторы, профессор Ә.Дербісәлі  жүргізді.
   Конференция жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан және Түркияның танымал ғалымдары қатысып, сөз сөйледі. Соның ішінде: тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Л.Есмағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Өзбекстан Республикасының Ғылым Академиясы Тарих институтының «Кеңес заманындағы Өзбекстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі К.К. Раджабов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым Академиясы З.М. Буниятов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері С.А. Рустамова-Тогиди, саяси ғылымдарының докторы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Ә.Қ. Бәкір т.б.
   Конференция аясында М. Шоқайдың он екі томдық Шығармаларының толық жинағы мен ҚР Ұлттық кітапханасы дайындаған «Мұстафа Шоқай» атты библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесерлері өтті.


  

  
« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование