KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886704
2019 жылы:  20419
бүгiн:  1
қазiр:  35
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

26.10.2015

   «Қазақстан кітаптары» қызметінің оқу залында қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, саяхатшы, тарихшы, этнограф және географ Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған «Қазақтың тұңғыш ғалымы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

   Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылы Аман-Қарағай сыртқы округының Күнтимес бекінісінде (қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданы) дүниеге келген. Әуелі қазақ мектебінде білім алады, араб және шағатай тілдерін үйреніп, кейіннен түрік тілін меңгереді.
   Шоқан Уәлиханов 1847-1853 жылдары Омбы кадет корпусында оқып, кейіннен Сібір казак-орыс әскерінде борышын өтеді. Айрықша ақыл-парасатымен, корпустағы үздік оқытушылардың қолдауына ие бола отырып, Ш.Уәлиханов өз қатарластарынан озық жүрді. Алғашқы жылдары ол өте көп оқыды, шығыс поэзиясы мен әдебиетіне қызығушылық танытты. Жас кезінен Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен әдебиетіне деген сүйіспеншілігі ғылым саласын таңдауда шешуші рөл атқарды.
   1854 жылы Ш.Уәлиханов – Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорттың адъютанты. 1855 жылы Гасфорт нөкерлерінің құрамында ол Орталық Қазақстан, Жетісу және Шығыс Қазақстан (Тарбағатай) бойынша саяхат жасап, 1856-1857 жж. Алакөл көлінен Орталық Тянь-Шаньға, Ыстықкөлге, Кұлжаға дейінгі экспедицияға қатысты. Құлжада ол қытай-орыс саудасын жолға қою мәселесін реттеді және шекара мәселесін де шешті. 1857 жылы Ш.Уәлиханов қырғыз халқының  «Манас» жырын орыс тіліне аударды. Ғалым саяхаттарының нәтижелері оның «Ыстық көл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы мен Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» деген  еңбектерінде баяндалған.
   Ш.Уәлихановтың еңбектері Орыс географиялық қоғамының назарын аударды. 1857 жылы П.П. Семенов-Тянь-Шанскийдің ұсынысымен Ш.Уәлиханов Орыс География қоғамының толық мүшесі болып сайланды. Қашқарияға сапары, осы аймақты зерттеуі Шоқанға танымал ғалымның данқын алып келді. Оның «Алтышардың, немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясы (Кіші Бұхараның) империясының шығыстағы алты қаласының  жағдайы туралы» күрделі еңбегінде Қашқарияның тарихи-географиялық очеркі берілді. Ш.Уәлихановтың еңбектері неміс, ағылшын және француз тілдерінде жарияланған. 1859-1861 жылдары  Санкт-Петербург қаласында тұрды, Бас штабтың Әскери-есептік комитетінде, Азия департаментінде, География қоғамында қызмет атқара отырып, университетте дәріс алды. Мұнда ол Г.Н.Потанинмен, И.Н.Березинмен, А.В.Васильевпен, А.Н.Бекетовпен танысты. 1861 жылы денсаулығына байланысты  туған елге оралады, ал 1864 жылы Верный қаласына келді. Шоқан Уәлиханов 1865 жылы 10 сәуірде қайтыс болды.
   Ш.Уәлиханов – «Үлкен Орданың қазақтары», «Сары Бағыш руынан шыққан Сартай» және т.б. нақты этнографиялық жанрлық, портреттік және пейзаждық көптеген суреттерді салған тұңғыш қазақ суретшісі.
   Қазақстанда Көкшетау облысындағы педагогикалық институтына, Алматы қаласында ҚР БҒМ Тарих және этнология институтына, Астана және Алматы қалаларындағы орталық көшелерге Ш.Уәлихановтың есімі берілген. Іле Алатаудың солтүстік беткейіндегі шың Ш.Уәлихановтың құрметіне аталды. Қазақстанның ірі қалаларында ескерткіштері орналатылды. Оның Алтынемелдегі қабірі басына биік ескерткіш орнатылып, мемориалдық кешен тұрғызылған. Қоғамдық және географиялық ғылым салаларындағы қол жеткізген жетістіктер үшін «Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы», сондай-ақ бейнелеу өнері мен сәулет саласында Мемлекеттік сыйлығы тағайындалған. «Его время придет», «Шоқан Уәлиханов» көркем фильмдері түсірілген. Белгілі жазушылар: С.Мұқановтың «Промелькнувший метеор», С.Н.Марковтың «Идущие к вершине» романдары жарық көрген, И.Стрелкованың «Ш.Уәлиханов» атты кітабы «Серия  замечательных  людей» сериясымен шықты.

   Кітап көрмесінде  Ұлттық кітапхананың қорынан қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың шығармашылығын ашатын, өмірі мен қызметі, еңбектері, күнделіктері, мақалалары, сондай-ақ конференциялар мен дөңгелек үстелдердің материалдары ұсынылған.

   Кітап көрмесіне шақырамыз!

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование