KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886539
2019 жылы:  20254
бүгiн:  1
қазiр:  33
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

21.01.2016
   «Қазақстан кітаптары» қызметінің оқу залында белгілі қазақ жазушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқаровтың 65 жасқа толуына орай «Алтай - алтын бесігім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
 
   Әлібек Асқаров 1951 жылы 24 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданының Черновая аулында дүниеге келген. Алматы көркемсурет училищесін (1975), С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған (1982).
   1971-1973 жж. Кеңес әскері қатарында болды. 1975-1986 жж. «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының көркемдеуші редакторы, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, 1986-1991 жж. − «Өнер» баспасының бас редакторы болды. 1992-2012 жж. – мемлекеттік қызметте. 1993-1998 жж. − ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министірінің орынбасары, бірінші орынбасары, 2005-2012 жж. − ҚР  Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бөлім меңгерушісі, бас инспектор, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 2012-2014 жж. – Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры болды. 2014 жылдан бастап бүгінге дейін Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасының бас директоры. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі құрылған қоғамдық кеңестің хатшысы қызметін атқарды. Кәсіби баспагер, Тәуелсіз Қазақстанның баспа және полиграфия саласын ұйымдастырушылардың бірі.      
   Ұлттық әдебиет қорында маңызды орын алған Әлібек Асқаровтың қаламынан шыққан баға жетпес құнды туындылар аз емес. Бұл шығармаларда автордың өмірге деген көзқарасы, өзіндік дүниетанымы айқын суреттеледі. Жазушының туындыларында шынайы өмірмен тығыз байланыса отырып, әзіл мен сықақ, ой-толғаулар мен лирикалық сарындар тамаша үйлесім табады.  Ол туған өлкесінің табиғаты, оның байлығының сақтау туралы: «Құтмекен» (1979), «Тайга толғауы» (1981), «Жасыл әлемге саяхат» (1985), «Ерте түскен бозқырау» (1989), «Родники рождаются в горах» (2001), «Страшный черный медведь» (2015) және т.б. кітаптардың авторы.  Ә.Асқаров ҚР Президенті Н.Назарбаевқа арналған кітаптың иллюстрациясының және  «Қазақстан - 2030» барысы, «Абай - 150» және т.б. мемлекеттік эмблемалардың авторы. Жазушы шығармашылығының  биік шыңы, оқырманды баурап алған − «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» роман-хикаясы. Бұл шығармада қазіргі ауыл өмірі, тарихы және ондағы тұрғындардың басынан кешкен түрлі оқиғалары тартымды әңгімеленеді. Бұл роман 2005 ж. Пекиндегі «Ұлттар» баспасында жеке кітап болып жарық көрді.
   Ә.Асқаров − ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001), «Парасат» орденімен (2014), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақ хандығына 550 жыл» (2015), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2015) мерейтойлық медальдарымен, ББҰ халықаралық жазушылар одағының «Ұлт мақтанышы» төсбелгісімен марапатталған (2015). «Катон-Қарағай ауданының құрметті азаматы» атағын иеленген (1998).

   Көрмеге Ұлттық кітапхана қорынан жазушының өмірі мен қайраткерлігі туралы материалдар, оның шығармалары және мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары қойылған.

   Кітап көрмесіне шақырамыз!
« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование