KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886537
2019 жылы:  20252
бүгiн:  1
қазiр:  32
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

16.03.2016
   2016 жылғы 16 наурызда Көрмелер залында мемлекет және қоғам қайраткері, XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай еске алу кеші және Сұлтан Хан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан» атты кітабының тұсаукесер рәсімі  өтті.

   Ұйымдастырушылар: ҚР Ұлттық кітапханасы, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры.

   Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (1866-1937) Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы. Ол қазақтың ақырғы ханының бірі Бөкейден тараған ұрпақтың төртінші буыны, Бөкей ханның шөпшегі. 1890-1894 ж. Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқып, осы жылдары ол барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе солшылдардың көзқарасына бейім болды. Ә.Бөкейханов Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің» қара тізіміне алынды. Әлихан бұл тізімнен патша өкіметі күйреп, Кеңес өкіметі орнаған жылдары да – 1937 жылдың қырқүйегінде «халық жауы» болып атылып кеткенге дейін де шыққан жоқ. 1905 ж. Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. 1906 ж. Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909-1917 ж. «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді. 1911-1914 ж. «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. 1917 ж. бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Осы жылдары «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысты. Тарих саласындағы жазып қалдырған елеулі мұралары – «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи», «Киргизы» атты монографиялары Санкт-Петербургта жарық көрді.
   Ә.Бөкейхан 1926 жылы екі рет тұтқындалып, Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер үкіметі оны Қазақстанға жолатпады. 1937 ж. жалған жаламен Мәскеуде ату жазасына кеседі. 1989 ж. мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды.

   Әлихан Бөкейханның өмірі мен сан қырлы қызметіне арналған Сұлтан Хан Аққұлының кітабында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 1990-жылдардың соңы мен 2016 жылдар аралығында мерзімді басылымдар, әдеби-қоғамдық және ғылыми журналдарда жарық көрген зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар, дөңгелек үстел материалдары қамтылған.

   Іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан «Әлихан Бөкейхан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде 1904 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан көп томдық «Новый энциклопедический словарь», Ә.Бөкейханның аудармалары т.б. сирек кездесетін қолжазбалары ұсынылды.

   Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасы, Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі А.Қ.Бекпулатова ашып, белгілі әлихантанушы, ғалым, журналист С.Аққұлы жүргізді. 
   Сөз сөйлегендер: Ө.Айтбайұлы, Б.Нәсенов, Е.Қажыбек, А.Ісмақова, Б.Оразалиев, М.Темірбаев, Қ.Кемеңгер, О.Ықылас және т.б. 
   Қатысушылар: қоғам қайраткерлері, белгілі тарихшылар, жоғары оқу орындарының студенттері, БАҚ өкілдері.
 
  
 

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование