KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886481
2019 жылы:  20196
бүгiн:  1
қазiр:  41
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

05.04.2016

   2016 жылғы 5 сәуірде Көрмелер залында көрнекті тілтанушы, ғалым, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлының 80 жасқа толған мерейтойына арналған шығармашылық кездесу өтті.

   Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Балтакөл ауылында дүниеге келген. 1954-1959 ж. С.М.Киров атындағы ҚазМУ (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетін бітірген. 1959-1962 ж. «Социалистік Қазақстан» газетінің (қазіргі «Егемен Қазақстан») әдеби қызметкері, 1962-1999  ж. Қазақстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, Тіл білімі институтының Терминологиялық орталығының директоры, Терминология бөлімінің меңгерушісі, күні бүгінге дейін осы бөлімнің бас ғылыми қызметкері. Сондай-ақ ол 1995-1996 ж. Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының профессоры, 1997-1998 ж. Қ.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры, 1998 жылдан «Қайнар» университеті филология факультетінің деканы қызметтерін де қоса атқарды. Ғылыми-зерттеулерінің негізгі бағыттары қазақ тілінің терминологиялық жүйесінің қалыптасуы мен бүгінгі жай-күйі. Сондай-ол қазақ тіл білімінің көптеген саласымен айналысып, жалпы лексикологиясы мәселелерімен, оның ішінде аударматану және фразеологиятануға үлкен үлес қосты. Ғалым 600-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
   Ө. Айтбайұлы – ғылым мен өнерді қатар алып келе жатқан ғалым. Оның сазгерлігін танытатын бірнеше, атап айтқанда, белгілі «Жар сәлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» тағы да көптеген әндері жұртшылыққа мәлім.
   Қазақстан Республикасының «Құрмет», «Парасат» ордендері және көптеген медальдармен марапатталған.

   Кешті «Арыс» қорының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес жүргізді. 
   Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының бас директоры Ә.Асқар ашты.

   Сөз сөйлегендер: Т.Мамашев, С.Оразбаев, Ш.Беркімбаева, Н.Шімшек, Б.Жақып, Қ.Сәрсенбай, Ж.Кенжалин, Қ.Уәлихан және т.б.
   Кеш барысында Е.Төлеутай, А.Ыстілеуов, Т.Қаршығаұлы, Қ.Рахым, С.Тағзия ән шырқады. Кештің соңында Ө.Айтбайұлы сөз сөйлеп, бір ән салды.
   Іс-шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан Ө.Айтбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылды.

   Қатысушылар: ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, оқырмандар, кітапханашылар, БАҚ өкілдері.

  

  

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование