KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886249
2019 жылы:  19964
бүгiн:  1
қазiр:  16
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

28.04.2016

   2016 жылғы 28 сәуірде Көрмелер залында сопылық поэзияның негізін салушы ақын, ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің 850 жылдығына арналған «Ясауи мұрасы – мәңгілік мұра» атты көрменің ашылу рәсімі және дөңгелек үстел өтті.

   Ұйымдастырушылар: ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы. 

   Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ЮНЕСКО көлемінде ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің 850 жылдық мерейтойы тойланбақ. «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, оғыз-қыпшақ тілдерінде сөйлейтін барша түркі халықтарының тарихында айрықша орын алған рухани орталық болған. Шауғардың мұндай абыройға ие болуы – ең әуелі сопылық әдебиеттің негізін салушы түркі данышпаны Қожа Ахмет Ясауи есімімен тікелей байланысты..» - дейді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Сол рухани орталықтың мирасқоры «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы еліміздің түкпір-түкпірінде баба мұрасына қатысты тақырыптық көрмелер ұйымдастыруда. Көрме өткізудегі мақсат – ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, мұражай қорында сақталған ХІV ғасырдан жеткен Ясауи есімімен байланысты жәдігерлерді, үш жүз жыл Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласының тарихын кеңінен насихаттау. 
   Қожа Ахмет Ясауи әлемі – тылсымы көп дүние. Ауызбірлігіне сызат түспей, қандай қиын қыстау жағдайда ниет біріктіре алған қазақ халқының тұтастығы Ясауи сілтеген татулық, мейрімділік жолынан бастау алады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарының ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді», сонымен қатар, «Ясауидің ұстазы Арыстанбабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенелері – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары» деуі Әзіреті Сұлтанның рухани тұлғасын айқындай түседі.  
   Көрмеде Қазан, Ташкент баспаларынан шыққан Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен іліміне қатысты «Диуани хикмет» кітабының көне қолжазба нұсқалары, «Мират-ул Кулуб», «Фақырнама» еңбектері,  Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті С.Бақырғанидің «Диуан» кітабы, Шейх Худайдад Таш-Мұхаммед әл-Бухаридің «Бустан уль-Мухиббин» қолжазбасы, Имам Мағруди, Хожа Хафиз, Құл Азим шығармалары, Сопы Аллаярдың араб, түркі тілдерінде жарық көрген еңбектері, ХІХ ғасырдан жеткен киелі кесене мен Түркістан қаласының көрінісінен сыр шертер фотосуреттер орын алды. Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми қызметкері Б.Қ.Байболов таныстырды.
   Көрме 2016 жылдың 28  мамырына  дейін жалғасады.
   Көрме аясында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филиалы Еуразия ғылыми - зерттеу институты Ұлттық кітапхана қорына түрік тілінде шыққан 40 кітапты сыйға тарты.
   Ұлттық кітапхана қорынан ұйымдастырылған кітап көрмесінде Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан ХVI-ХVII ғасырлардың аса құнды туындылары «Диуани хикмет», «Рисала», «Насабнама» және т.б. ұсынылды. Көрмеге Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі А.Қ.Бекпулатова шолу жасады. 
   Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасына арналған дөңгелек үстелді филология ғылымдарының докторы, профессор, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі жүргізді. Дөңгелек үстелде Қожа Ахмет Ясауидің еңбектерін тереңдетіп зерттеуді жалғастыру ұсынылды.
   Сөз сөйлегендер: Мақсұт Шафиғи, Айгүл Ісмақова, Дандай Ысқақұлы, Cәрсенбі Дәуітов, Кенжеәлі қажы Мырзабаев, Жолдыбике Кәрі, Ғалия Қамбарбекова, Берік Байболов.

   Қатысушылар: тарихшылар, шығыстанушылар, филологтар, белгілі ақын-жазушылар, жоғары оқу орындарының студенттері,  кітапхана оқырмандары, БАҚ өкілдері.

  

  

  


« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование