2016 жылғы 6 мамырда Көрмелер залында композитор, өнер зерттеуші Илья Жақановтың 80 жасқа толуына орай шығармашылық кеш өтті.
Илья Жақанов Жамбыл облысы Сарысу ауданының Ақтоғай ауылында дүниеге келген. 1959 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1959–1963 жылдары «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1963–1984 жылдары Қазақстан Телевизия және радиохабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосының музыкалық бағдарламаларының аға редакторы қызметтерін атқарған. 1984 жылдан шығармашылық жұмыста. «Қайта оралған ән» (1968), «Қош бол, вальс» (1969) повестері жарыққа шықты. Қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас Дүкенұлы жайлы «Кертолғау» (1989) романы алғаш қырғыз тілінде, кейін қазақ тілінде «Ықылас» (1990) деген атпен жарық көрді. «Екі жирен» (1976), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988) атты деректі әңгімелер, эсселер және новеллалар жинағының, сондай-ақ «Қарабура» (1977) тарихи-танымдық шығармасының авторы. Қырғыз жазушысы Т.Қасымбековтың «Сынған қылыш» (1981) атты роман-дилогиясын қазақ тіліне аударды. «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Толағай» және т.б. әндердің авторы. ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі (1997), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998), Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері (1997). 2008 жылы «Сырлы жүрек пернесі» атты лирикалық эссе кітабы «Ұшпақ» баспасынан жарық көрді.
Кешке Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғалым Ахмедьяров, мәдениет және өнер қайраткерлері Байғали Есенәлиев, Қалдыбек Құрманәлі, Сәбит Әбдіхалықов, ақын-жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Әбдірахман Асылбеков, қоғам қайраткерлері, әншілер Алма Аманжолова, Қайыржан Бердібаев және т.б. қатысты.
|