2016 жылғы 13 мамырда Көрмелер залында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген кітапханашысы, Ленин орденінің кавалері, белгілі қоғам қайраткері Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың туғанына 90 жыл толуына орай «Н.Қ.Дәулетованың ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі және Қазақстанның кітапхана ісінің қазіргі заманғы даму бағыттары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның мақсаты – республикадағы бүгінгі кітапхана ісінің өзекті мәселелерін және оларды шешу жолдарын, сонымен қатар, кітапханашы мамандығының қоғамдағы беделі мен рөлін арттыруды талқылау. Конференцияда ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Б.Қ.Оспанова «Н.Қ.Дәулетованың ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі және Қазақстандағы кітапхана ісін дамытудың қазіргі беталысы», Н.Қ.Дәулетова атындағы Сарыкөл аудандық орталық кітапханасының директоры С.М.Дүтпаев «Жақсының аты өлмейді», Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Д.Т.Дүйсебаева «Н.Қ.Дәулетованың ісі жалғасуда: Қостанай облысының кітапханалары Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде», т.б. баяндамалар жасалып, конференцияға қатысушылар Қазақстандағы кітапхана ісін жақсартуға қатысты келесі ұсыныстарды қабылдады: 1. Кітапхана ісінің құқықтық-нормативтік базасын дамыту – кітапхана ісі, міндетті дана туралы заңдар қабылдау және ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқық» жөніндегі заңына түзетулер енгізу. 2. Республика жұртшылығын кітап оқуға тарту бойынша кітапхана ісін жандандыру. 3. ҚР Ұлттық кітапханасы базасында кітапхана менеджерлері мен мамандарын дайындау жүйесін жетілдіру және республиканың жетекші кітапханалары базасында қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесін енгізу. 4. Меншікті, толық мәтінді электронды ресурстар құру бойынша кітапхана қызметін жандандыру, Қазақстандық Интернет сегментін дамыту. 5. Республика кітапханаларында Web-РАБИС бағдарламасын енгізу. Іс-шараға қатысушылардың назарына Н.Қ.Дәулетованың өмірі мен қызметіне арналған кітап көрмесі ұсынылды. Конференция аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы дайындаған– жаңа отандық бағдарламалық өнім – Web-РАБИС Республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйенің тұсаукесері өткізілді. Конференцияға республикалық және облыстық әмбебап ғылыми кітапханалары мен жоғары оқу орындарының директорлары, белгілі мәдениет қайраткерлері, сонымен қатар «Кітапхана ісі» мамандарын дайындайтын жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
|