2016 жылғы 6 мамырда Көрмелер залында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» кітабының тұсаукесері өтті.
Екі томдық туынды «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында партияның Қоғамдық саясат институты мен «Интеллект Орда» Халықаралық әлеуметтік гуманитарлық зерттеулерді интеграциялау институты бірлескен жұмысының нәтижесінде жарық көріп отыр. Аталған жобаның демеушісі - Еуразиялық топ (ERG).
Кітаптың тұсаукесеріне Ұлы Отан соғысының ардагерлері, шығармашылық және ғылыми қауым өкілдері, тарихшы зерттеушілер, «Нұр Отан» партиясы мен Ардагерлер кеңесінің өкілдері және студент жастар қатысты. Іс-шараны Ұлттық кітапханасы Бас директорының бірінші орынбасары Бақытжамал Оспанова ашып, жүргізді. Жиында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова кітаптың қоғамдағы алар тарихи маңызына тоқталып, мағлұматтар берді. Бұдан кейін сөз алған кітаптың редакциялық алқа мүшелері - тарихшы-ғалымдар Саттар Мажитов, Қайдар Алдажұманов, Күлғазира Балтабаева кітаптың құрастырылу жағдайларына кеңінен тоқталып, «Нұр Отан» партиясына, жоба идеясының авторы Бауыржан Байбекке өте құнды шығарманы құрастыруда жан-жақты қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын білдірді. «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» кітабының редакциялық алқасына Екінші дүниежүзілік және 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы бойынша Ресей мен Беларусь елдерінің беделді мамандары шақырылған. Аталмыш жобаның ойдағыдай іске асуына ҚР Парламент депутаттары, ҚР Қорғаныс министрлігі, облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктер, Республикалық генералдар және ардагерлер кеңестері, мұрағаттар, кітапханалар және т.б. көптеген ұжымдар өз үлестерін қосты. Ерекше айта кетерлігі, жобаға шетелдік ресми ұйымдар, Ресей, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстанның мемлекеттік және қоғамдық мекемелері мен азаматтары тарапынан да қолдау жасалды. Барлық қажетті құжаттар мен материалдар орыс тілінде болғандықтан, кітаптың бірінші нұсқасы орыс тілінде шықты. Қазіргі уақытта кітапты қазақ тіліне аудару үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге оны ағылшын тілінде шығару да жоспарда бар. Осы туынды Ұлы Жеңіс батырлары мен Халық қаһармандарының ерліктері туралы мәліметтерді жариялау үшін ғана жазылған жоқ. Оның басты мақсаты – жас қазақстандықтар үшін өз елінің батырларының ерліктерін есте сақтау, олардан үлгі алу, Отанды қорғау, қазақстандық отансүйгіштікті тәрбиелеу сынды тарихи дәстүрлерді жалғастыруды насихаттау. Жобаның ғылыми және тәжірибелік жаңашылдығы да бар. Зерттеушілердің атқарған еңбегінің арқасында Ұлы Отан соғысы батырларының жалпы саны, этникалық құрамы, өңірлік тиістілігі, басқа да ақпарат жайында жаңа мәліметтер ашу мүмкін болды. Кеңес Одағының Батыры атағы 1934 жылғы 16 сәуірде КСРО Орталық Атқарушы Комитетімен тағайындалды. 1939 жылғы тамыздан бері Ленин Орденімен қатар «Алтын жұлдыз» медалі табыстала бастады. Алғашқы алты қазақстандық Ұлы Отан соғысына дейін Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіп үлгерген. 2014 жылғы күз мерзімі мен 2015 жылғы қыркүйек аралығында жүргізілген ізденістер мен зерттеулер нәтижесінде Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық Кеңес Одағының батырларының жалпы саны 615 адамды құрады. Осы басылымда алғаш рет 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін Халық қаһарманы атағына ие болған азаматтар өмірбаяндарының жиынтығы ұсынылған. Соғысқа қатысқандар мен ардагерлердің ішінде Халық қаһарманы атағына тоғыз адам ие болды: Ресей қаһарманы Бейскбаев Бахтурас (өмірден өткеннен кейін), Доспанова Хиуаз (Хыйуаз), Қайсенов Қасым, Қалмырза (Халмурзаев) Мәулен Реметұлы, Қошқарбаев Рақымжан (өмірден өткеннен кейін), Кулаков Алексей Карпович, Кеңес Одағының Батыры Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы, Таипов Мурдин, Капорин Александр Емельянович. Бүгінгі күні қазақстандық Кеңес Одағының алты Батыры ғұмыр кешуде. Олардың ішінде Ақмола (Киселёв Яков Митрофанович), Шығыс Қазақстан (Борозенец Степан Николаевич, Косенков Иван Васильевич), бұрыңғы Семей (Зарудин Юрий Федорович), Торғай (Суриков Эмиль Иванович), Қарағанды (Григорьев Николай Михайлович) облыстарының тумалары. Бұрынғы Кокчетав облысының тумасы Рой Алексей Хрисанфович 2016 жылғы 8 ақпанда қайтыс болды. Аталмыш жоба аясында көптеген сұрақтарға қатысты зерттеулер жүргізілді, олардың ішінде қазақстандық батырлардың жалпы тізімін және өңірлер бойынша бөлінген тізімін жасау, ҰОС қатысушылары ішінен Халық қаһарманы тізімін анықтау; деректі және өмірбаяндық мәліметтерді салыстырмалы талдау; марапат қағаздарында жазылған ерліктер туралы ақпарат базасын анықтау; осы тақырыптағы пікірталас тудыратын мәселелер жайлы ақпаратты біріздендіру; жарыққа шығып үлгерген мәліметтер мен «Нұр Отан» партиясы жинақтаған материалдардың салыстырмалы талдауын жасау; Батырлар тектері, есімдерінің жазылуын нақтылау; өмір сүрген, қайтыс болған күндерін айқындау және т.б. Шын мәнісінде жоғарыда аталған параметрлер жобаның жаңашылдығы мен Жеңіс Батырлары тарихын зерттеуде кітап авторларының жаңадан қосқан үлесі болып табылады. Кітаптың тұсаукесері соңында қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары туралы фильм көрсетіліп, шараға қатысқан әрбір ардагерге қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы АҚФ төрағасы Бауыржан Байбектің атынан арнайы сый-сияпаттар табысталды. «Барлық қазақстандық батырлардың, олардың соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі өмірлері туралы баяндайтын тарихи мәліметтер шоғырланған бұл кітаптың оқырмандарға берер тағылымы мол. Ардагерлер атынан кітап авторларына ризашылығымызды білдіреміз» деді Алматы ардагерлер кеңесі Төралқасының мүшесі Хамит Біржанов.
|