KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886321
2019 жылы:  20036
бүгiн:  1
қазiр:  5
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

20.05.2016

   2016 жылғы 20 мамырда Көрмелер залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Көшпенділердің дәстүрлі мәдениеті» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында ф.ғ.к., доцент, мәдениеттанушы Маргарита Өмірбекованың «Көшпенділер мәдениеті. Қазақтың дәстүрлі өнерінің мәдени рәміздік негіздері» мен «Қазақ ұлттық киімінің этномәдени лексикасы» атты ғылыми-танымдық басылымдары оқырмандарға ұсынылды.

   Конференцияның мақсаты - көшпенділер дәстүрлі мәдениетінің тарихи құндылықтарын жан-жақты көрсете отырып, сондай-ақ олардың қазіргі Қазақстан қоғамындағы эстетикалық және өркениеттілік қызметінің тарихи сабақтастығын айқындау.
   Конференцияның бағыттары:
- Еуразия аумағында өмір сүрген көшпенділердің этникалық мәселелері;
- ежелгі көшпенділердің рухани және материалдық құндылықтары;
- ежелгі көшпенділердің жазу таңбаларының қалыптасу тарихы;
- Еуразия аумағында өмір сүрген этникалық топтардың қазақтармен тарихи   сабақтастығы;
- сақтардың (скиф) қолөнердегі «аң стилінің» қолдану мәнері;
- қазақтың этнографиялық киімдері мен оларға қатысты кәсіби лексика;
- Сапар Төленбаевтың ою-өрнектеріндегі этностиль;
- қазақ ою-өрнектерін дизайн өнерінде заманымызға сай қолдану;
- этнографиялық ою-өрнектер мен стилизацияланған этноою-өрнектердің айырмашылығы.

   «Көшпенділер мәдениеті. Қазақтың дәстүрлі өнерінің мәдени рәміздік негіздері» атты ғылыми-танымдық басылымда ежелгі көшпенділердің философиялық антропологиялық негізгі мәселесі ретінде төрт суперэтникалық тайпаның рухани дүниетанымы мен материалдық мәдениеті, қола дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін жан-жақты зерттелген. «Қазақ халқының дәстүрлі өнерінің мәдени рәміздік негіздері» атты тақырып бұған дейін философия, мәдениет, тарих, семиотика, лингвистика, этнография, археология, әдебиет саласында көтерілген емес. Еңбекте бұрын-соңды қарастырылмаған бейнелеу өнеріндегі таңбалар мен тотемдердің рәміздік мағынасы талданады.
   «Қазақ ұлттық киімінің этномәдени лексикасы» атты ғылыми-танымдық басылымда киім-кешекке қатысты 1600-ге жуық этнолингвистикалық атаулар қазақ тілінің көп томдық сөздігінен алынып, ол автор жинақтаған сөздермен толықтырылды. Кітапта Еуразия аумағында өмір сүрген көшпенділердің төрт суперэтникалық тайпалары мен қазақтардың киімдерінің тарихи сабақтастығының этнонұсқалары берілген. Ғылыми-танымдық басылым мәдениеттану, тарих, этнография, өнертану, музейтану және зерттеушілерге арналған.
   Жаңа ғылыми-танымдық кітаптармен қатар мәдениеттанушы М.Ш.Өмірбекованың 1991-2016 жылдар аралығында жарық көрген кітаптары және ғылыми мақалаларының көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Қазіргі қазақ тіліндегі ою-өрнекке байланысты лексика» атты кандидаттық диссертациясының тақырыбы аясында ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Сапар Төленбаевтың 2000 мыңнан астам қағаздан қиылған және акварельмен салынған көркемдік жұмыстары және  осы ою-өрнек элементтері қолданған этноыдыстардың көрмесі ұйымдастырылады. Ою-өрнекке өзіндік қолтаңбасымен 1990-шы жылдары жаңа реңк беріп, сондай-ақ қосалқы өнер саласында реформа жасаған Сапар Төленбаевтың «Ою-өрнек әлемі» атты шығармашылық көрмесі конференция қонақтарына таныстырылады. Бүгінгі күні Сапар Төленбаевтың ою-өрнек стилін дизайнерлер мен суретшілер заманымызға сай жаңа туындыларынды стилизациялап және трансформациялап ұтымды қолданып жүр.

   Тұсаукесер рәсімін жазушы Ә.Асқар ашып, филология ғылымдарының кандидаты А.Құрманбаева жүргізді.
   Сөз сөйлегендер: А.Жұмаділов, И.Сапарбай, Ә.Бөпежанова, К.Төлентаева және т.б.
   Қатысушылар: қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушы, тілші, тарихшы ғалымдар, докторанттар, магистранттар, студенттер және БАҚ өкілдері.

  

       

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование