KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886337
2019 жылы:  20052
бүгiн:  1
қазiр:  20
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

27.05.2016

   2016 жылғы 27 мамырда Көрмелер залында Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Түнектен оралған есімдер» атты төрт томдық кітабының тұсаукесері өтті.

   Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
   Қазақстан аумағы кеңес азаматтарын жаппай депортациялау орны болды. Корейлер, немістер, поляктар, гректер, түріктер, шешендер, татарлар, қалмықтар және басқа да этностарды күштеп көшіру жүргізілді. 1931 жылы Қарағанды еңбекпен түзеу лагері – Карлаг және Отанына опасыздық жасағандардың жұбайларына арналған  Ақмола еңбекпен  түзеу   лагері – АЛЖИР құрылды. Онда репрессияға ұшырағандардың жарлары, аналары мен қарындастары жазасын өтеді.
   1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» құжат Тәуелсіз Қазақстанда ең алғашқы қабылданған заңдардың бірі  болды. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 31 мамырда аталып өтіледі. Бұл күні жаппай саяси қуғын-сүргін жылдарында қаза тапқандар мен құрбандарын еске алуға арналған іс шаралар өтеді: репрессияға ұшырағандардың ескерткіштеріне гүл қойып тағзым ету, сурет көрмелері, кинотеатрларда деректі фильмдер көрсету, оқу орындарында «еске алу сабақтарын» өткізу және т.б.
   Жазушы Бейбіт Қойшыбаев өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында, билік басындағы коммунистік партияның жариялылық және қайта құру саясаты өріс алған шақта тарихтағы «ақтаңдақтар» жайында қалам тербей бастаған болатын. Ол саяси жазаға ұшыраған тарихи тұлғалар тағдырын зерттеп, олардың күрес жолдарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлді. Зерттеулерін тереңдете келе, жекелеген қайраткерлер жайында деректі дербес кітаптар шығарды. Алаш қозғалысы жайында ауқымды рисәлә жазды. Қаламгер өткен ғасырдағы ұлт азаттық қозғалысының көшбасында тұрған, 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін науқанының құрбандарына айналған Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Мұстафа Шоқаев, Жанша Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Смағұл Садуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов, Дінмұхамед Әділов сынды халқымыздың ондаған аяулы ұлдарының өмірі мен қызметі жайында әр жылдары жазған зерттеу еңбектерін «Түнектен оралған есімдер» атты  төрт томдық кітабына топтастырды.
   Іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан «Халық қасіреті және тарих тағылымы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
   Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директорының орынбасары А.Юсупова ашып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов және «Арыс» баспасының директоры, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес жүргізді.
   Сөз сөйлегендер: К.Адырбеков, Е.Зәңгіров, С.Жансүгіров, М.Матқан және т.б.
   Қатысушылар: қоғам қайраткерлері, тарихшылар, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, БАҚ өкілдері.

  

  


« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование