KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886244
2019 жылы:  19959
бүгiн:  1
қазiр:  12
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

07.10.2016

   «Қазақстан кітаптары» қызметінің оқу залында белгілі ақын Қасым Рақымжанұлы Аманжоловтың туғанына 105 жыл толуына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.  

   Қасым Рақымжанұлы Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. 1930 жылы Семейдегі малдәрігерлік техникумын бітіріп, кейін Орал педагогикалық институтына түсіп, Ленинград орман шаруашылық институтында оқуын жалғастырады.
   Қ.Аманжолов еңбек жолын 1932-1941 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») және «Екпінді құрылыс» (Орал қаласы) газеттерінің редакциясында бастады. 1941-1946 жж. Ұлы Отан соғысы басталысымен әскер қатарына шақырылып, майданнан 1946 жылы оралады. Әскерден кайтқан соң біраз жылдар «Әдебиет және өнер» (қазіргі «Жұлдыз») журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі болды.
   1938 жылы Қ.Аманжоловтың «Өмір сыры» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. Жинаққа «Ақын», «Бірінші май», «Жолдас маршал», «Жалғыз жалау», «Орамал» және т.б.өлеңдері енді.
   1944 жылы Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүргенде ақын «Абдолла» поэмасын жазады. Автор өз жұмысында батыл жауынгер-ақын Абдолла Жұмағалиевтің жалғыз өзі жаумен арпалысып, дұшпандардың қолына түспеу үшін  ақтық демі таусылғанша беріспей, өрт құшағында жан тапсыратыны жайлы суреттейді. 1949 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде, белгілі ақын Николай Тихонов «Абдолла» поэмасын қазақ поэзиясының інжу-маржаны деп атады. 1954 жылы  Мәскеу қаласының II-Бүкілодақтық жазушылар съездінде Қ. Аманжоловтың басқа да шығармалары жоғары бағаланды.
   Кейіннен «Дауыл» (1948), «Балбөбек» (1949), «Нұрлы дүние» (1950), «Таңдамалы шығармалары» (1953) атты өлеңдер жинағы жарық көрді. 1955-1957 жж .Қ.Аманжоловтың үш томдық шығармаларының толық жинағы жарық көрді. Кітапқа ақынның бұрын жарияланбаған көптеген  шығармалары енді. Оның «Көкшетау», «Бурабай толқындары», «Алма-Ата» шығармаларында туған жердің сұлулығы және Отанға деген шексіз махаббаты шебер суреттеледі.
   Ол сондай-ақ, драма, қысқа әңгімелер, әдеби-сын мақалалар жазды. Ол суырып салма талантты музыкант болды. «Где, где та милая девушка?», «Дариға», «Страна родная» сияқты халық арасында кең танымал төкпе әндерді құрастырды. Қазақ поэзиясына онбуынды жолды енгізді, сөйлеу екпінінің естілуге ыңғайлы болуы үшін сегіз және онбуынды жолдарды алмастыруды алғаш қолдады.
   Сонымен қатар,  көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, А.Т.Твардовский, В.В.Маяковский, Н.А.Некрасов, Т.Г.Шевченко, Низами, Шота Руставели және т.б. жазушылардың көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.  
   Қасым Аманжолов 1955 жылы 17 қаңтарда Алматы қаласында қайтыс болды.
   Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында ақынның құрметіне ескерткіш орнатылып, оның есімі Қарағанды және Орал қалаларының көшелеріне беріледі.
 
   Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан алынған  ақын Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, оның еңбектері және мерзімді басылымдар беттеріне жарияланған мақалалары ұсынылған. 
 
   Кітап көрмесіне шақырамыз! 
« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование