«Қазақстан кітаптары» қызметінің оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, ақын және аудармашы Хамит Ерғалиевтың 100 жылдығына арналған «Дәуірдің ұлы, ғасырдың үні » атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Хамит Ерғалиев 1916 жылы 14 қазанда Гурьев облысы Новобогат ауданының Қамыс қала ауылында (қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданының Аққыстау ауылы) дүниеге келген. 1939 жылы Орал қаласындағы мұнай жұмысшылары факультетін бітіріп, С.М Киров атын. Қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі әл-Фараби атын. Қазақ Ұлттық университеті) оқуға түсті. Ұлы Отан соғысына қатысты. 1945-1950 жж. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, 1950-1957 жж. Қазақстан жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, 1958-1959 жж. Қазақстан мемлекеттік әдебиет баспасы поэзия секциясының меңгерушісі қызметін атқарған. 1958 жылдан шығармашылықпен айналысқан. Алғашқы өлеңдері 1936 жылы Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде жарияланған. Ол отыздан астам кітаптың авторы, оның ішінде: «Әке сыры» (1947), «Үлкен жолдың үстінде» (1949), «Біздің ауылдың қызы» (1950), «Сенің өзенің» (1953), «Құрманғазы» (1959), «Күй дастан» (1970), «Алтын зерең» (1981), «Жедел толғау» (1988) т.б. Ақын өз шығармаларында халықтың еңбекке деген сүйіспеншілігін және атақты адамдардың өмірі мен тағдырын суреттейді. Х.Ерғалиев "Аңыз ата" поэмасын (1965) украин халқының ұлы ақыны Т. Шевченкоға арнаған. "Құрманғазы" поэмасында (1962) қазақ халқының ұлы сазгері Қ.Сағырбаевтың, "Күй дастан" поэмасында (1970) академик сазгер А.Жұбановтың бейнесін жасады. «Оралдағы отты күн» поэмасында (1956) азамат соғысының батыры В.Чапаев пен оның майдандас серіктерінің ерлігін жырлайды. 1982 жылы Х.Ерғалиев «Алтын зерең» (1981) атты өлеңдері мен поэмаларының жинағы үшін Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Сондай-ақ, ол прозадағы шығармалардың авторы болып табылады. «Шындық шырқайды» (1966) жинағына әңгімелері мен көркем очерктері енген. Ақын аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол Д.Байронның, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, А.Некрасовтың, В.Маяковскийдің, Р.Ғамзатовтың, А.Сурковтың шығармаларын қазақ тіліне аударды. Шекспирдің сонеттерін жеке кітап қылып басып шығарды. Қырғыз халқының «Манас», қарақалпақ халқының «Қырық қыз» эпостарын қазақ тіліне аударуға атсалысқан. Х.Ерғалиев I, ІI−дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту (1976), «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» (1986) ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Республикалық Жамбыл атындағы сыйлықтың (1953), Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1982). В.Шекспирдің сонеттерін аударғаны үшін ол Британия ханшайымының алғыс хатын алды. Атырау облысы Атырау қаласының және Исатай ауданының құрметті азаматы. Алматы қаласындағы Есентай жағалауы Хамит Ерғалиевтің есімімен аталады. Хамит Ерғалиев 1997 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында қайтыс болды. Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан алынған Хамит Ерғалиевтың өмірі мен шығармашылығы, оның шығармалары, туыстарының, достарының естеліктері және мерзімді басылымдар беттеріне жарияланған мақалалары ұсынылған.
Кітап көрмесіне шақырамыз!
|