KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886131
2019 жылы:  19846
бүгiн:  1
қазiр:  48
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

13.12.2016

   2016 жылғы 13 желтоқсанда Н.Қ.Дәулетова атындағы залда Сұлтан Хан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» және «Алихан Букейхан. Творец истории» атты қазақ және орыс тілдеріндегі қос томдық тұңғыш деректі монографиясының тұсаукесері өтті.

   Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) – даңқты қоғам және мемлекет қайраткері. Ол қазақ халқының ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың  басындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеялық негізін қалаушы әрі жетекшісі, қазақтың «Алаш» атты тұңғыш саяси партиясының әрі Қазақ-қырғыз ұлттық-территориялық автономиясының атасы әрі төрағасы болды. 1917 жылдың желтоқсанында президенттік басқару тетігі бар шынайы демократиялық парламенттік республика ретінде дүниеге келіп, 1920 жылдың тамызына дейін жасаған Алаш автономиясы бүгінгі Қазақ елінің негізін, берік іргетасын қалап берді. Ә.Н. Бөкейхан - даңқты энциклопедист ғалым 2 жоғарғы білімі бойынша ормантанушы-ғалым, агроном әлі заңгер, табиғи дарыны бойынша тарихшы, экономист, этнограф, әдебиеттанушы, журналист әрі публицист, сондай-ақ жер пайдалану мен мал шаруашылығы бойынша теңдессіз маман болатын. Оның осы күнге дейін табылып, жинақталған ғылыми-публицисткалық мұрасы 15 томға жетті.
   1930-жылдардан Кеңес Одағы күйреген 1991 жылға дейін дерлік Ә.Н. Бөкейханның есімін атауға, оның өмірі мен сан қырлы қызметін зерттеуге қатаң тыйым салынды. Ал оның аса бай әрі өте мол саяси және ғылыми-публицистикалық мұрасы кітапханалар мен мұрағаттарда, оның ішінде КСРО КГБ-сы мен Қазақстан КГБ-сының мұрағаттарында көпшілік назарынан тасада шаң басып жатты.
   Үстіміздегі жылы Ә.Н. Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойы, ЮНЕСКО Бас конференциясының 2015 жылғы 18 қарашадағы Қаулысына сәйкес халықаралық деңгейде тойлануға тиіс еді. Сонымен қатар, ЮНЕСКО Алты Алаш көсемін «бүкіл дүниежүзілік маңызы бар шынайы даңқты қайраткер» деп мойындады.
   Бұл 2 томдық монографияның тұсаукесері 13 желтоқсанда кездейсоқ ұйымдастырылған жоқ. Осыдан тура 99 жыл бұрын дәл осы күні – 1917 жылдың 13 желтоқсанында Орынбордағы ІІ-Жалпықазақ құрылтайында Қазақ-қырғыз автономиясы құрылды. Осы күні 3 үміткердің дауысқа түсуімен өткен шынайы демократиялық сайлауда Әлихан Бөкейхан Алаш автономиясының президенті әрі премьер-министрі болып сайланып, оның ең жоғарғы атқарушы билігі – Алаш Орда Халық кеңесін – үкіметін бастады.
   Ұсынылып отырған қазақ және орыс тілдеріндегі тұңғыш қос томдық монография шынайы тарихи деректер мен мұрағат құжаттары, куәгерлер мен Әлихан Бөкейханның үзеңгілестерінің, оның жақындары мен туыстарының естеліктері негізінде жазылды. Бұл ХХ-ғасыр басындағы қазақ ұлттық көсемінің дүниеге келген сәтінен бүкіл өмір жолын, оның туған халқының құқығы мен бостандығы, ата-баба жерін қайтарып алу және ұлттық мемлекеттігін қайта қалпына келтіру жолындағы қиян-кескі күресін сипаттауға деген тұңғыш талпыныс болып табылады.
   Екі тілдегі монографияның авторы – белгілі журналист, Алаш тарихын және Ә.Н. Бөкейханның өмірін зерттеуші ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы (Жүсіп). Ол аталмыш тақырыпты зерттеумен және Ә.Н. Бөкейханның мұрасын жинаумен 25 жылдан астам уақыт шұғылданып келеді. 
   Қазақ тіліндегі монографияның жауапты редакторы белгілі алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы, орыс тіліндегі монографияның редакторы – белгілі журналист Аркадий Арцишевский.
   Тұсаукесері рәсімін танымал журналист, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев жүргізді.
   Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары С.А.Елемесова ашты.

   Сөз сөйлегендер: М.Әбусейітова, Р.Имаханбетова және т.б.
 Қатысушылар: танымал тарихшылар, жазушылар, әдебиеттанушылар, кітапхана қызметкерлері, студенттер.


« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование