KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14886064
2019 жылы:  19779
бүгiн:  1
қазiр:  23
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

14.12.2016

   2016 жылғы 14 желтоқсанда Нәзира Дәулетова атындағы көрмелер залында Қытай Халық Республикасы Орталық Ұлттар университеті филология факультетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлының «Жұңго бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар»,  «Ескі қазақ жазба тілі» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.

   Дүйсенәлі Әбділәшімұлының негізгі ғылыми-зерттеу бағыттары - шағатай түркі тілі және оның жазба нұсқалары, ескі қазақ жазба тілі және оның жазба нұсқалары, қазақ деректануы, Орталық Азия және Қазақ хандығы тарихы. 2001 жылы түркітанушы ғалым Еркін Ауғалиұлының ғылыми жетекшілігімен «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақша ресми іс қағаздар тілінің лексикасы» деген тақырыпта магистрлік диссертациясын қорғады. 2005 жылы Жапония Нагойя университеті Халықаралық тілдер мен мәдениеттану институтына оқуға түседі. 2006 жылы Жапониядағы Киото университетіне тарих-мәдениеттану мамандығы бойынша докторантураға оқуға қабылданады. 2010 жылы әйгілі тарихшы, шағатайтанушы, профессор Хамада Масамидің жетекшілік етуімен «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақша мұрағат құжаттары туралы тарихи дерекнамалық зерттеу» атты докторлық диссертациясын қорғады. Дүйсенәлі Әбділәшімұлы – осы зерттеу тақырыбы аясында Жапонияда тұңғыш докторлық диссертация қорғаған қазақ азаматы.
   Дүйсенәлі Әбділашімұлы шағатай түркі тілі, ескі қазақ жазба тілі және оларға қатысты тарихи жазбалар, азиятану, қазақ тарихы, түрік халықтарының наным-сенімдері т.б. пәндер бойынша дәріс оқып, Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті, деректану саласында еңбек етіп, Чиң патшалығы мен Қазақ хандығы арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастарға байланысты жазылған қытай, манжу және ескі қазақ жазба тілдеріндегі тарихи жәдігерлер, жазба деректер мен құжаттар жөнінде тарихи-дерекнамалық ізденістер жүргізіп келеді.
   «Жұңго бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар» атты зерттеу жұмысында Бейжің (Пекин) қаласындағы Жұңго бірінші тарихи мұрағатындағы микрофильмге түсірілген «әскери басқармада сақталған манжуша мәлімдемелердің көшірме нұсқалары» талдауға алынса, «Ескі қазақ жазба тілі» атты еңбекте ескі қазақ жазба тілінің әліпбиі, таңбалар, шартты белгілер берілген. Сонымен қатар, кітапқа 1732 жылдан 1828 жылға дейінгі Қазақ хандығы тұсында әр кезеңде жазылған батыс, шығыс құжаттары (ресми іс қағаздары бойынша 66 құжат) енгізілген. Аталған еңбектер Қазақ хандығының тарихынан мол мағлұмат берумен қатар, сол кезеңдегі құжаттарды оқып-түсінуге жол ашады.

   Қатысушылар: қоғам қайраткерлері, тарихшылар, БАҚ өкілдері.

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование