KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14884908
2019 жылы:  18623
бүгiн:  1
қазiр:  74
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

26.04.2018

   2018 жылғы 26 сәуірде Н. Дәулетова атындағы залда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының, Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясы және «ARNA-B» баспасының ұйымдастыруымен «Шәмші Қалдаяқов» фотоальбом-кітабының тұсаукесері өтті.

   Жақында «ARNA-B» баспасынан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шәмші Қалдаяқов» атты жеті бөлімнен тұратын  тұңғыш фотоальбом-кітап жарық көрді. Мұнда Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Әнұраны авторларының бірі, композитор Шәмші Қалдаяқов жайында жан-жақты  мәлімет берілді.
   Ауқымды жинақтың «Менің Қазақстаным» атты алғашқы бөлімі композитордың отансүйгіштікті, туған өлкені жырлайтын әндерінен тұрады.
   Фотоальбом-кітаптың екінші бөлімі «Өмір-өзен» деп аталады. Бұл бөлім – Ш.Қалдаяқов өмірінің әр кезеңдерін қамтыған тұтас фотошежіре.
   «Сол бір кез есімде...» деп аталған үшінші бөлімде композитордың замандастары, кезінде онымен дос-жараң, сырлас болған адамдар Шәмші туралы өз естеліктерімен бөліседі.
   Шәкеңнің барша жұртқа әйгілі әндері «Шәмшінің әні» атты төртінші бөлімде әншілердің суретімен бірге мейлінше кеңінен қамтылған.
   «Сарғайған суреттер сыры» атты бесінші бөлімде, кезінде Шәмшімен естелікке суретке түсіп қалған немесе өз қолымен фототаспаға тартқан адамдар сол бір сәулелі сәт туралы сыр шертеді.
   «Аманат» атты алтыншы бөлім, уақытында композитордың тұтынған заттары мен киімдерін – пианиносын, мандолинін, мүштегін, бөркін, шапанын, тағы да басқа бұйымдарын сақтап қалған жандардың жүрек жылытар естеліктерін қамтиды.
   «Шәмші-мұра» атты соңғы бөлім композитор мұрасын насихаттап, зерттеп жүрген жанашыр азаматтар, олардың ой-пікір, ұсыныстары, атқарып жатқан іс-шаралары жайында баяндайды.
   Фотоальбом-кітапты құрастырған – Шәмшінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші, композитор Қалдыбек Құрманәлі.
   Бұл ауқымды топтама бүкіл жоғары, арнайы орта және жалпы білім беретін оқу орындарының студенттері мен оқушыларына, сондай-ақ хас өнерге іңкәр жалпы қауымға арналған. 
   Тұсаукесерге қатысушылар: ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Ө. Айтбайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері А. Тшанов, жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қ. Сәрсенбай, жоба авторы, композитор,  «Құрмет» орденінің иегері Қ. Құрманәлі, Ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор А. Асанов, саясаткер, қоғам қайраткері Ә. Несіпбаев, «ARNA-B» баспасының директоры Б. Ойса, әншілер С. Жақсылықұлы, Т. Әшімбекова, Е. Оспан және т.б. қонақтар.

     

     

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование