KZ     RU     ENG
Жұма, 20 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14885066
2019 жылы:  18781
бүгiн:  1
қазiр:  89
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

27.04.2018

   «Қазақстан кітаптары» қызметінің ғалымдар залында әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ғылым Академиясының академигі  Ахметов Зәки Ахметұлының 90 жылдығына арналған «Өлең сөздің білгірі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

   Зәки Ахметов 1928 жылы 4 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. 1947 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (қазіргі әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті). 1947-1950 жылдары - КСРО ҒА-ның Ленинградтағы Шығыстану институтында аспирант.
   З.Ахметов 1952-1975 жылдары Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық интитутында кафедра меңгерушісі, филология факультетінде декан болып жұмыс істеді. 1975-1984 жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында директордың орынбасары, директор, Қазақ КСР  ҒА-ның академик-хатшысы,  1984-1986 жылдары – Қазақ КСР вице-президенті, 1986 ж. -  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты әдебиет теориясы және әдебиеттану әдістемесі  бөлімінің  меңгерушісі.
   З.Ахметов 1951 ж. «Лермонтов және Абай» тақырыбында  кандидаттық диссертация, ал 1965 ж. «Қазақтың өлең құрылысы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ғалымның басты еңбектері  қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы мәселелеріне арналған. Абайтану, әуезовтану мәселелерін текстологиялық және тарихилық қырынан зерттеген іргелі ғылыми жұмыстар жүргізді. Абайдың толық шығармалар жинағы басылымдарын (1954, 1957, 1970, 1995) дайындап, құрастырушылардың және түсініктемелер авторларының бірі болды.
   З.Ахметовтың редакциясымен «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» жарық көрді (1996).  «Өлең сөздің теориясы» аталатын монографиясы 1992 ж. Қытайда жарық көрді. 12 монография және 400-ге жуық ғылыми еңбектің, 15 бірлескен еңбектің, оқулықтар мен әдістемелік құралдың авторы. Оның жетекшілігімен 30 ғылым докторы және ғылым кандидаттары дайындалды.
   Ғылымға сіңірген еңбегі үшін З.Ахметов бірнеше медальдармен наградталған. Қазақстан ҒА-ның Академигі (1983). Қазақ КСР еңбек сіңірген қызметкері (1978), Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1980) және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1996), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1985). Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Молодежный ауылында ғалымның атына көше берілген.
   Зәки Ахметов 2002 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында қайтыс болды. 
   Кітап көрмесіне ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Зәки Ахметовтің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, оның мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары ұсынылған.

   Кітап көрмесіне шақырамыз!

« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование