KZ     RU     ENG
Сенбі, 21 Қыркүйек 2024



 
ДС СС СР БС ЖМ СН ЖС
           1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
барлығы:  14888503
2019 жылы:  22218
бүгiн:  1
қазiр:  56
Негізгі бетке өту
Жаңалықтар

12.05.2009
12.05.2009ж. ҚР Ұлттық кітапханасында «Мәдени мұра» – рухани жаңғыру» жобасының және қазақ халық фольклорының бірегей кітап сериясы – «Бабалар сөзінің» тұсаукесері өтті.
   Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүйелі түрде жүзеге асуы нәтижесінде елімізде рухани жаңғыру үдерісі жүруде. Бағдарлама аясында ұлттық әдебиетіміздің озық нұсқалары, халықтық фольклорымыз ұлт игілігіне айналды және әлемдік ғылыми ойдың, әдебиет пен мәдениеттің көптеген үздік үлгілері қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрді.
  «Мәдени мұра» бағдарламасының маңызды жобаларының бірі қазақ фольклорының барлық жанрлық және эстетикалық байлығы көрініс тапқан жүз томдық «Бабалар сөзі» жинағын құрастыру және жариялау болып табылады. Аталмыш бірегей кітап сериясын 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға белсене атсалысып келе жатқан «Фолиант» баспасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің академик С.А.Қасқабасов басқаратын М.О.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп жарыққа шығаруда.
    «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің мәжілісінде (Алматы, 2005 жыл, 26 қаңтар) сөйлеген сөзінде республика Президенті Н.Ә. Назарбаев мәдениет саласындағы негізгі 6 міндетті айқындап берді. Солардың қатарында еліміздегі барша кітапханалар қорын «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптармен толықтыру, орта және жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мемлекеттік қызметкерлердің сол кітаптарды тұтынуына мүмкіндік жасау міндеті де бар еді. «Бұл басылымдарға жоғарғы оқу орындарының, мемлекеттік қызметкерлердің, медицина мамандары мен мұғалімдердің жазылуы қажет» деп атап көрсетті Елбасы.
    Бүгінгі таңда 100 томдық «Бабалар сөзі» кітаптар сериясының 52 томы жарық көріп үлгерді. Мұнда халқымыздың көп рухани мәдениетінің ажырама маңызды бөлігі болып табылатын сан ғасырлық бай ауыз әдебиеті түгелдей дерлік жинақталған. «Бабалар сөзі» - түркітану тарихындағы теңдесі жоқ бірегей жинақ. Аталмыш басылымның жарық көруі халқымыздың рухани мәдениетінің тарихын жарқырай танытуға, қазақ елінің өткені мен бүгінін тұтастық тұрғысынан қабылдауға, төлтума ұлттық мәдениетіміздің әлемдік рухани-зияткерлік, ғылыми үдерістермен біте қайнасуына жол ашпақ.
   «Бабалар сөзі» сериясының тұсаукесер рәсіміне еліміздегі ғылыми және шығармашылық ортаның, білім беру мен мәдениет салаларының, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Рәсімді ҚР Ұлттық кітапханасының Бас директоры О.И.Исахов кіріспе сөз сөйлеп, ашты. Тұсаукесер барысында ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы С.А.Қасқабасов, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушілері – филология ғылымдарының докторы Б.У.Әзібаева, өнертану ғылымдарының докторы С.Ә.Күзембаева, филология ғылымдарының кандидаты С.Қ.Қосан, сонымен катар педагогика ғылымдарының кандидаты,  баспагер-жазушы Р.Мәженқызы, «Әлем  әдебиеті» және «Литературный Казахстан» журналдарының бас редакторы К.Юсуп, «Қазақстан» баспасының директоры Н.Оразбектер сөз сөйлеп, пікір білдірді.
   Тұсаукесерді «Фолиант» баспасы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды. Тұсаукесер рәсімі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының қолдауымен өтті.
« Артқа | Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар
Copyright © 2004-2019
Барлық құқықтары қорғалған
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Кiтапханасы
Разработка веб-сайтов, интернет-магазинов, хостинг в Казахстане, программирование