2009 жылдың 16 қазанында ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкерлері К.Қасымжанова, Т.Замзаева, Б.Кулиева, Қ.Жұмаділова Оңтүстік Қазақстан облысы кітапханашыларының «Кітап және оқу» фестиваліне қатысты. Фестиваль аясында «Кітапхананың аймақтың тарихы мен мәдениетіндегі орны» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Фестивальдің ұйымдастырушылары – Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы, Оңтүстік Қазақстан облысы кітапхана қызметкерлерінің ассоциациясы, А.С. Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана. Бұл шараға түрлі жүйедегі және ведомстводағы кітапхана мамандары, жазушылар мен ақындар, журналистер, оқырмандар қатысты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәбит Жолдасов «Оңтүстік аймақтағы кітап тарихы және кітап оқу» деген тақырыпта баяндама жасады. Жазушы, журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңірі бойынша тілшісі М.Байғұт өз баяндамасында кітап оқу мәселелерін көтерді. ҚР Ұлттық кітапханасының Кітапханаларды дамыту орталығының жетекшісі К.Қасымжанова «Республикалық кітапханалар жүйесіндегі Оңтүстік Қазақстан облысының кітапханалары» тақырыбында баяндама жасады. ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар орталығының бас кітапханашысы Т.Замзаеваның баяндамасы ҚР Ұлттық кітапханасының қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен мерзімді басылымдарға арналды. Сонымен қатар конференцияға қатысушыларға А.С. Пушкин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасын 2010-2015 жылдары дамыту тұжырымдамасы ұсынылды.
Фестиваль «Үздік ауыл кітапханашысы» атты байқаумен жалғасты. Байқауға облыстың 14 ауыл кітапханашысы қатысты. Төле би ауданы, Қайнар ауылының кітапханашысы Амангелдиева Нұржамал байқау жеңімпазы деп танылды.
17 қазан күні ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкерлері Қазақстанның ақын-жазушыларымен, қала жұртшылығымен бірге Шымкент қаласында Абай мұражайының ашылу салтанатына қатысты.
|