ҚР Ұлттық кітапханасы Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, 2009 жылдың 27 қазанында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 100 жыл толуына байланысты дөңгелек үстел өткізді.
Ғарифолланың аңызға бергісіз үні Қытай, Пәкістан, Иран, Германия, Италия елдерінде сан мәрте шырқалған. Ғ.Құрманғалиев 1934 жылдан 1966 жылға дейін Опера сахнасында жиырмадан астам партиялар орындады. Эпикалық кең тынысты әннің асқан шебері болған атақты Мұхит мұрасын елге жеткізген де Ғарифолла Құрманғалиев болатын. Ол жай ғана әнші емес, халқымыздың ән қазынасы мен орындаушылық дәстүрін жете меңгеріп, оны барынша байытқан және осынау мол мұраның ұрпақтан ұрпаққа жетуіне өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі. Ғарифолла Құрманғалиев – ақын, әнші, сазгер, этнограф, операда бейнелер галереясын жасаған сахнаның хас шебері, саналы ғұмырын іздену мен шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз.
Шара барысында Ғ.Құрманғалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы «Ән жауһарын ұрпағына қалдырған» атты көркемсуретті кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар көрмеде Ғ.Құрманғалиевтің отбасылық мұрағатынан алынған құжаттар қойылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы 2008 жылы Ғ.Құрманғалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы ұсыныстық библиографиялық көрсеткіш дайындап шығарды. Көрсеткіште кітапхана қорындағы 1956-2008 жылдар аралығындағы баспа бетінде жарық көрген басылымдар қамтылды.
Дөңгелек үстелге КСРО халық әртісі Б.А.Төлегенова, әншінің шәкірттері – Қазақстанның халық әртісі Қ.Бекбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Құлышева, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасының доценті С.Жанпейісова, әншінің немересі – өнер зерттеушісі М.Құрманғалиева, қала жұртшылығы, кітапхана қызметкерлері мен көпшілік оқырман қатысты. Дөңгелек үстелді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр сыншысы Әшірбек Сығай жүргізді. |