ҚР ҰК Мультимедиа бөлімінің жетекшісі Ж.Н.Әлімқұлова 24-31 қазан аралығында Сауд Арабиясындағы Қазақстан мәдениетінің күндеріне қатысып қайтты. Онда «Қазақстан: өткен тарихы және бүгіні » атты ағылшын тіліндегі кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстан делегациясын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Ж.Д Құрманғалиева бастап барды. Делегация құрамында ҚР Мәдениет министрлігінің, ҚР Президентінің мәдени орталығының, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының, ҚР Ұлттық кітапханасының өкілдері, сондай-ақ Н.Тілендиев атындағы Қазақ мемлекеттік фольклорлық – этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, Астана және Алматы қалаларының жетекші театрларының әншілері болды. Мәдениет күндерінің бағдарламасына концерт беру, кітаптардың, қолөнер және бейнелеу өнері бұйымдарының көрмесі енгізілді. ҚР Ұлттық кітапханасы республиканың тарихын, мәдениетін, жануарлар және өсімдіктер әлемін қамтитын «Қазақстан: өткен тарихы және бүгіні» атты ағылшын тіліндегі кітап көрмесін ұсынды. Мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы елдің астанасы Эр-Рияд қаласында өтті. Онда екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды нығайту, мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттігі атап өтілді. Мәдениет күндері Жидда қаласында, Мекке мен Мәдинада жалғасты.
|