Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Алла Алтынованың (Ғалия Өтебекова) «Роза ветров» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Жазушы Үміт Тәжікенова тұсаукесердің жүргізуші-модераторы болды.
Тұсаукесерге жазушы С.Қ.Санбаев, жазушы-хореограф Д.Нақыпов, академик, заң ғылымдарының докторы С.Сартаев, философия ғылымдарының докторы, профессор Г.Шалабаева, Қазақ мәдениеті қорының вице-президенті С.Құмарова, Алматы қалалық Іскер әйелдер ассоциациясы басқармасының төрайымы С.Гонаго, атақты кинорежиссер Н.Чанкова, ақын, Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі Р.Нүкенова, журналистер А. Әбілова, Г.Керімова, кинорежиссер А.Байғожина, суретші Т.Мұқатов сияқты белгілі ақын-жазушылар, өнер және мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Тұсаукесерге қатысушылар жаңа кітап жайлы пікір бөлісіп, талапкер жазушыға келелі кеңестер берді. С.Сартаев өз сөзінде: «Мен жас дарындардың болғанына қашанда қуанамын, оларды қолдау керек, сонда ғана ілгерілеу болады» деді.
Жазушы С.Санбаев: «Мен А.Алтынованың «Роза ветров» атты кітабын ықыласпен оқып шықтым. Әдебиетке әйел баласының келуі – сүйсінерлік жайт. Әйел жазушы қашанда жағымды тілмен жазады. Бұл кітап жанры жағынан психологиялық романдар жазған француз жазушысы Андре Моруаның туындыларына жақын. А.Алтыноваға А.Моруаның шығармаларын оқуға, сондай-ақ, қазақтың болмысы жайлы кітапты орыс тілінде жазып отырғандықтан, В.Дальдың 4 томдық сөздігін назарға алуға кеңес берер едім» деді.
Д.Нақыпов өз сөзінде: «Автордың табиғи сезімталдығы мені қайран қалдырды. Ол қазіргі қазақ әйелінің жан-дүниесі жайлы қарапайым әрі шынайы түрде жазады. Кітапта қазіргі көп ұлтты отбасының жаңаша дүниетанымы көрініс тапқан» деді.
Іс-шара барысында С.Гонаго, Н.Жмеренецкая, Г.Шалабаева, Ж.Бердалина, А. Әбілова және тағы басқа қатысушылар тұсаукесері өткізіліп отырған туынды жайлы қызықты пікірлер білдірді. |